Екібастұз қаласының 60 жылдығына орай өткізілген "Екібастұз жәннат жайым, алтын бесік мекенім" атты республикалық ақындар айтысы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Аламан доданың ашылу салтанатында қала әкімі Қайрат Нүкенов ақындарға сәттілік тіледі.
"Жыл сайын біздің қаламыз көркейіп келеді. 2017 жылы 60 жылдық мерейтой аясында көптеген ауқымды шаралар жүзеге асады. Солардың бірі – бүгінгі жыр бәйгесі. Ел үмітін арқалап келген ақындарға ақ жол тілеймін", - деді шаһар басшысы.
Бірінші айналымның қортындысы бойынша ең жоғары ұпай жинаған төрт ақын Аспанбек Шұғатаев (Баянауыл), Дидар Қамиев (Қарағанды), Қуаныш Шарманов (Павлодар) Мақсат Аханов (Қарағанды) ақтық мәреге жолдама алды.
Қазақстан жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы, "Алаш" сыйлығының иегері, ақын Арман Қани бастаған қазылар алқасының шешімімен баянауылдық Аспанбек Шұғатаев бас жүлдеге лайық деп танылды. Оның жүлде қоры 500 мың теңгені құрады.
Қарағандылық Дидар Қамиев бірінші орын мен 300 мың теңгелік сыйлыққа ие болды. Тағы бір қарағандылық дүлдүл Мақсат Аханов екінші орын мен 200 мың теңгелік сыйлыққа лайық деп танылды. Үшінші орын мен 100 мың теңгелік жүлде павлодарлық Қуаныш Шармановқа бұйырды.
Аламан додаға барлығы 12 ақын қатысты. Айтыс Екібастұз қаласы әкімдігінің қолдауымен "Атамұра" мәдени орталығының ұйымдастыруымен өтті. "Өнер" мәдениет орталығына жиналған көрермендердің қарасы қалың болды.