Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов үкімет отырысында мемлекеттік бюджеттің кірістері есепті кезеңде 107,8%-ға, соның ішінде республикалық — 101,9%-ға, жергілікті бюджеттер — 124,6%-ға асыра орындалғанын айтты, деп хабарлайды primeminister.kz.
Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 95,7% құрады, республикалық — 96 % және жергілікті бюджеттер —97,7% атқарылды.
Сонымен қатар қаржы министрі өткен есепті кезеңнің басты ерекшелігі — жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің жұмысы басталғанын атап өтті. I тоқсанда олардың шоттарына 28 млрд теңге түсімдер жиналып, 22 млрд теңге шығыстарға жұмсалды. Қазынашылық органдары 4-деңгейлі бюджеттің 1078 мемлекеттік мекемесіне қызмет көрсетуде.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша 235,2 млрд теңгеге 182 келісімшарт жасалды.
"Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасына бағытталған қаражат 99,9%-ке игеріліп, 37,3 млрд теңгені құрады.
Бақыт Сұлтанов алда тұрған міндеттердің негізгілерін атап өтті. Біріншіден, республикалық бюджет кірістерінің көлемі 189 млрд теңгеге көбейді. Сол себепті, кірістердің өсу қарқынын төмендетпей, нақтыланған жоспардың орындалуын қамтамасыз ету керек.
Екіншіден, импорттау кезінде уақытты қысқартуға мүмкіндік беретін "Астана-1" ақпараттық жүйесінде қалған 15 кедендік рәсімді іске қосу көзделген. Бұл бюджетке қосымша 12 млрд теңгеге жуық кіріс түсіруге жол ашады.
"Үшіншіден, президенттің бес әлеуметтік бастамасын және елбасы жолдауларының міндеттерін іске асыру үшін нақтыланған бюджет жобасында қарастырылған шаралардың уақытында орындалуын қадағалаймыз", — деп қорытындылады Бақыт Сұлтанов.