Республикалық бюджет шығыстарының басым үлесі әлеуметтік салаға тиесілі

1600

Республикалық бюджет шығыстарының басым үлесі әлеуметтік салаға тиесілі

Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті. Мәжілісмендер "2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасын талқылауда, деп хабарлайды "ҚазАқпарат".

2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы ағымдағы жылғы тамыз айында бекітілген еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының бесжылдық болжамы негізінде әзірленген. 

"Республикалық бюджет шығыстарының жалпы көлемінде 2017 жылы 41,7 пайыздан 2019 жылы 49 пайызға дейін өсіп, ең үлкен үлес әлеуметтік салаға тиесілі. Ақшалай мағынада айтқанда осы салаға арналған шығыстар 11 667,4 млрд теңгені құрайды, оның ішінде 2017 жылға  3 570,2 млрд теңге", – деді Сұлтанов. Әлеуметтік қамтамасыз ету және азаматтарға әлеуметтік көмек беру бағыты бойынша жоспарланған кезеңге 7 291,4 млрд теңге бөлінеді. 2017 жылы  ағымдағы жылға қарағанда 54,5 млрд теңгеге немесе 2,6 пайызға өсе отырып, 2 082,1 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар, бюджет жобасында әлеуметтік төлемдерді болжанатын инфляция деңгейіне, ал ең төменгі зейнетақы мөлшерін 9 пайызға индекстеу қарастырылады. Министрдің сөзіне қарағанда, денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға бюджет жобасында уәкілетті министрліктің шығыстары шеңберінде 3 189,9 млрд теңге көзделеді. Оның ішінде 2017 жылы шығыстар ағымдағы жылмен салыстырғанда 226,2 млрд теңгеге немесе 28,7 пайызға ұлғайып, 1 013,4 млрд теңгені құрайды. Бұл бағытта тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін сақтай отырып, әлеуметтік медициналық сақтандыруға өту қаралады. Білім беру саласын қаржыландыруға бюджет жобасында 972,9 млрд теңге көзделеді, оның ішінде 2017 жылы  393,1 млрд теңге. Мәдениет пен спортты дамытуға алдағы үш жылға шығыстар сомасы 179,3 млрд теңгені, оның ішінде 2017 жылы  70,2 млрд теңгені құрайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу