Өткен жылдың қорытындысы бойынша республикалық бюджеттің кірістері жоспардан 99% орындалып, 21,4 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Такиев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мәжілістің жалпы отырысында 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп тыңдалды.
"Біріншіден, республикалық бюджеттің кірістері жоспардан 99% орындалып, 21,4 трлн теңге болды. Оның ішінде республикалық бюджеттің меншікті кірістері, трансферттерді есептемегенде, 17,5%-ға өсіп, 15,3 трлн теңгеге жетті. Жалпы жоспар 336 млрд теңгеге орындалмады", – деді министр.
Мәди Такиевтің айтуынша, оған бірнеше объективтік факторлар әсер еткен:
– мұнайдың орташа бағамының 6 долларға төмендеуі – болжамды 75 доллардан 69 долларға дейін түсуі;
– экспорт көлемінің 1,7 млрд долларға төмендеуі;
– геосаяси жағдай мен 134 ірі кәсіпорындардан түсетін салық төлемдерінің 709 млрд теңгеге немесе 36% төмендеуі әсер етті.
Республикалық бюджеттің меншікті кірістері 2024 жылмен салыстырғанда 1,8 трлн теңгеге өсіп, өсу қарқыны 113,2% болды. Салықтық түсімдер 2,2 трлн теңгеге немесе 17,5% өсті. Корпоративтік табыс салығы бойынша түсімдер 880 млрд. теңгеге немесе 24%-ға өсті. Қосылған құн салығы бойынша өсім 932,5 млрд теңгені немесе 18% құрады.
"Осылайша, кіріс бойынша бір жағынан сыртқы және баға факторларына байланысты жоспар толық көлемде орындалмаса, екінші жағынан өткен жылмен салыстырғанда кіріс базасы өсіп отыр", – деп атап өтті ведомство басшысы.