Республикалық бюджет бойынша шығыстар көлемі 16,7 трлн теңге болды. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Такиев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 95,6%-ға республикалық бюджеттің шығыстары – 95,5%-ға жергілікті бюджеттердің шығыстары 97,4%-ға атқарылды. Республикалық бюджет бойынша шығыстар көлемі 16,7 трлн теңгені құрады. Атап өту керек, мұнда әлеуметтік бағыттың басымдығы сақталып қалды. Мемлекет негізгі әлеуметтік міндеттемелерді орындады. Мәселен, 4 трлн теңге – зейнетақы мен жәрдемақыға, 4 трлн теңге – өңірлерге субвенцияларға, 1,3 трлн теңге – Міндетті медициналық сақтандыру қорына нысаналы жарна түрінде бағытталды", - деді ведомство басшысы.
Айтуынша, жергілікті бюджеттердің шығыстарының көлемі 10,1 трлн теңгені құрады.
"5 трлн 182 млрд теңге көлеміндегі қаржының негізгі үлесі әлеуметтік салаға бағытталды, яғни 51,2 пайыз. Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының шығыстарының көлемі – 1 трлн 380 млрд теңгені, ауыл шаруашылығы бойынша – 602 млрд теңгені, көлік және коммуникация саласының шығыстары 918 млрд теңгені құрады", - деді Қаржы министрі Мәди Такиев.