Республикалық бюджеттің тапшылығы 3,5% деңгейінде сақталады

688

Бюджет шығысының көлемі 14,5 трлн теңгені құрайды.

Республикалық бюджеттің тапшылығы 3,5% деңгейінде сақталады

Мәжілісте мақұлданған 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы сенатта талқыланды. 

Сенаторлардың алдында баяндама жасаған қаржы министрі Ерлан Жамаубаев нақтылаудың негізгі міндеті – медициналық қызметкерлерге материалдық қолдау көрсету және COVID-19 індетінің таралуының екінші толқынына қарсы белсенді шара қабылдау екеніне тоқталды. 

"Осы мәселелерді шешу үшін 238,7 млрд теңге қосымша қаржы көзделді. Шығыстар мынадай бағыттарға жұмсалады: карантин іс-шараларын жүргізуге тартылған медицина қызметкерлеріне – 143,4 млрд теңге қосымша ақы төлеу; тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде COVID-19 індетінің таралуына жол бермеу мақсатында медициналық қызметке 83,2 млрд теңге жұмсау; ішкі істер органдарының қызметкерлеріне эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқаны үшін – 11,7 млрд теңге сыйақы төлеу", – деді Ерлан Жамаубаев.

Министрдің мәлімдеуінше, әкімшілер ұсынған қаражатты қайта бөлуді ескере отырып, экономиканың нақты секторын дамытуға және күш құрылымдарын әлеуметтік қолдауға 261,7 млрд теңге жұмсалады. Осы қаражат есебінен өндірісті ынталандыруға бағытталған бірқатар шаралар мен жобалар іске асырылады. 
"Нұрлы жол", "Нұрлы жер", агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және басқа мемлекеттік бағдарламалар жеткілікті қаржымен қамтамасыз етіледі. 

Бюджетті нақтылау шеңберінде Президент жарлығына сәйкес, мемлекеттік орган құру және қайта ұйымдастыру бойынша қаражатты қайта бөлу жүзеге асырылды. Нәтижесінде республикалық бюджеттің түсімі 12 трлн теңге көлемінде анықталды. Тапшылық жалпы ішкі өнімге 3,5% деңгейінде сақталады. Республикалық бюджет шығысының көлемі 14,5 трлн теңгені құрайды", – деді Ерлан Жамаубаев.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу