Республикалық маңызы бар жолдар 2025 жылға дейін 100% жақсы жағдайға келтірілмек

1008

Алдағы бес жылда 11 мың шақырым жол жөнделеді.  

Республикалық маңызы бар жолдар 2025 жылға дейін 100% жақсы жағдайға келтірілмек

"QazAvtoJol" ұлттық компаниясының Торапты даму департаментінің директоры Жамбыл Бақтияр еліміздегі жолдардың құрылысы мен қайта құрылымын жаңарту қалай жүзеге асып жатқаны жайлы айтты. Оның сөзінше, 2015-2019 жылдары жол жөндеуге 100 мыңнан астам жұмысшы тартылған.

"Өткен 2015-2019 жылға арналған "Нұрлы жол" инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 мың шақырым жол жөнделіп, қайта жаңартылды. Республикалық маңызы бар жолдардың 7 мың шақырымы жөнделді. Жол жөндеу жұмыстарына шамамен 100 мыңнан астам жұмысшы тартылды. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар жолдардың үлесі 88%-ға жетті. Ал республикалық маңызы бар бірінші және екінші техникалық санаттағы жолдардың ұзындығы 34%-ға жетті", – деп Жамбыл Бақтияр өткен бес жылдықта атқарылған істерді еске алды.

Ал келер бес жыл ішінде елімізде 11 мың шақырым жол жөнделмек.

"Былтырғы жылдың соңында 2020-2025 жылдарға арналған "Нұрлы жол" бағдарламасы бекітілді. Осы бағдарламаға және Президент жолдауына сәйкес 11 мың шақырым жолды қалпына келтіруіміз керек. Бұл өткен 2015-2019 жылғы кезеңде атқарылған жұмыспен салыстырғанда 3,5 есе көп. Осыған байланысты жұмысшылар мен техникалар саны артады. Құрылыс зауыттары көбейеді. Тапсырмаға сәйкес, 2025 жылы республикалық маңызы бар жолдар 100% жақсы жағдайда болады. Ол үшін алдымызда бірінші және екінші техникалық санаттағы жолдардың үлесін 60%-ға жеткізу міндеті тұр", – деп атап айтты департамент директоры.

Нұржан Көшкін

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу