Бұл туралы ЦДИАӨМ Телекоммуникация комитеті сымсыз байланыс жобаларды дамыту және мониторингілеу басқармасының басшысы Олжас Қабенов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бұл жұмыс басталып та қойды. Әкімдіктер тиісті жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлеп жатыр. Цифрлық инфрақұрылым жағын, яғни антенналық-мачталық құрылымның құрылысын мемлекет өз мойнына алады. Қаржы республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінетін болады. Байланыс операторлары қолданыстағы базалық станцияларды жаңғыртатын болады. Бұдан бөлек жаңа станциялар да орнатылады. Бұл жұмыстарды 2024 жылдан бастауды жоспарлап отырмыз”, - деді Олжас Қабенов “Қолжетімді интернет” ұлттық жобасы тақырыбында өткен брифингте.
Тілшілер бұл жұмыстарға қанша қаражат қажет екенін нақтылап сұрады.
“Ұлттық жоба шеңберінде 61 млрд теңгеге жуық қаражатты инфрақұрылымның құрылысына, 30 млрд теңгеге жуық ақшаны мобильді интернеттің өзін қамтамасыз ету үшін жоспарлаған болатынбыз”, - деді спикер.
Министрлік өкілі антенналық-мачталық құрылым ең әуелі республикалық жолдарда орнатылатынын баса айтты.
Олжас Қабеновтің сөзінше, антенналық-мачталық құрылымды орнату жұмыстары 2027 жылы аяқталады.