Елімізде қатерлі ісік диагнозы жыл сайын орта есеппен 600-ге жуық балаға қойылады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Былтыр 585 бала алғаш рет онкологиялық аурумен ауырды. Соңғы 8 жылда сырқаттанушылықтың өсуі байқалмағанын атап өткен жөн. Бұл орта есеппен 100 000 балаға шаққанда 10 жағдайды құрайды. Бұл көрсеткіш көптеген елдерге қарағанда біршама төмен. Мысалы, Германия, Канада, АҚШ, Ұлыбританияда жыл сайын 100 000 балаға шаққанда 16-дан астам бала мен жасөспірім ауырады", - делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Ведомствоның мәліметінше, бүгінде республикада онкологиялық аурулары бар балаларға медициналық көмек барлық деңгейде көрсетіледі.
"Республикалық орталықтарда жылына орта есеппен қатерлі ісіктері бар 5000-ға жуық бала емделеді. Балалардағы қатерлі ісік құрылымында бірінші орында қан өндіру жүйесінің аурулары (39%) тұр. Одан кейінгі орындарда орталық нерв жүйесінің ісіктері (14%), жұмсақ тіндердің ісіктері (9%), ішперде арты кеңістігінің ісіктері (8%), бүйрек ісіктері мен лимфомалар (6%) бар", - делінген хабарламада.