Республикалық ономастикалық комиссияның шешімі туралы ақпаратты Қостанай облыстық мәслихаты аппаратының басшысы орынбасары Светлана Қалдыбаева мәлім етті, деп хабарлайды alau.kz
Маманның айтуынша, ҚР үкіметі жанындағы республикалық ономастикалық комиссия 2016 жылдың 20 желтоқсанда оң қорытынды шығарған. Қажетті құжаттар жинақталып, оны Қостанай облысының тілдерді дамыту басқармасы Қостанай облыстық мәслихатына жолдаған.
"Республикалық ономастикалық комиссияның құжатында "Қостанай облысы әкімінің Герцен көшесін – Қобыланды батыр және Таран көшесін Тәуелсіздік көшесі деп өзгерту туралы ұсынысымен келісілсін" делінген. Енді құжатқа облыстық мәслихаттың депутаттары дауыс береді. Заңға сәйкес бұл бірлесе дайындалған құжат, яғни Қостанай облысы әкімінің қаулысы мен Қостанай облыстық мәслихатының бірлескен шешімі", – деді Қостанай облыстық мәслихаты аппаратының басшысы орынбасары Светлана Қалдыбаева.
Светлана Қалдыбаеваның айтуынша, Қостанай облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясы ақпанда өтуге тиіс.
Естеріңізге сала кетейік, Қостанай қаласы көшелерінің атауын өзгерту туралы 2016 жылы қарашада сөз болды. Бұл мәселе Қостанай әкімдігінде өткен қоғамдық тыңдауда талқыланған болатын.