Астанада "Атамекен" әнін 400 оқушы қатар тұрып шырқады

714

Республика күніне орай ұлттық патриоттық сезімді оятатын әндер бойынша қала мектептерінде "Туған елім – Қазақстаным" атты мегачеллендж басталды. 

Астанада "Атамекен" әнін 400 оқушы қатар тұрып шырқады Фото: Астана әкімдігі

Барлық білім беру ұйымдарының оқушылары рухты көтеретін патриоттық әндерді орындайды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Бұл ретте Астанадағы №50 "Қазғарыш" мектеп-лицейінде төрт жүз оқушы Ескендір Хасанғалиевтің "Атамекен" әнін орындады.

Мұндағы мақсат – жас ұрпақтың отансүйгіштік, ұлтжандылық, ел мен жерге деген құрметін арттыру.

Сондай-ақ мереке аясында бүгін білім беру ұйымдарында барлық сыныптар арасында "Республикам – мақтанышым" атты сынып сағаттары өтеді. Онда оқушылар танымал адамдармен кездеседі.

"Республика күні – біздің басты ұлттық мерекеміздің бірі. Бұл біз үшін айрықша мағынаға ие. Астана қаласы Білім басқармасы мереке аясында білім беру ұйымдарында ауқымды іс-шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Басты мақсат – оқушылардың бойындағы отансүйгіштік, ұлтжандылық сезімдерін ояту", – деді Астана қаласы Білім басқармасының баспасөз хатшысы Аяжан Амантайқызы.

Баспасөз хатшысының айтуынша, аталған челлендж 24 қазанға дейін жалғасады және барлық мектептерді қамтиды.

Айта кетейік, 25 қазан күні елімізде Ұлттық мереке – Республика күні атап өтіледі. Осы айтулы күннің құрметіне Астанада 100-ден астам мәдени-бұқаралық, білім беру, спорттық және әлеуметтік іс-шара өткізіледі.

Олардың арасында мерекелік концерттер, көрмелер, балаларға арналған көрнекті нысандар бойынша экскурсиялар, дөңгелек үстелдер, ұлттық спорт түрлері бойынша турнирлер және басқа да көптеген іс-шаралар бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу