Республиканың 2 облысында газ бағасы арзандады

489

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің хабарлауынша, 2023 жылғы ақпан айында тауарлық газ бағасы Қарағанды және Ұлытау облыстарында 5%-ға арзандайды, деп жазады inbusiness.kz.  

Республиканың 2 облысында газ бағасы арзандады Фото: baq.kz

"Оған "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ-ның Қарағанды мен Ұлытау облыстарының тұтынушылары үшін тауарлық газды газ таратушы желілер арқылы тасымалдау қызметіне өтінімі бойынша жүргізген тарифтік смета шығындарының баптарын мұқият талдау нәтижесінде қол жеткізілді. Талдау жүргізуге комитеттің Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаменті "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ-на бекіткен бұрын қолданыста болған бұйрық мерзімінің өтуі, өткен кезеңдегі нақты шығындарды ұсынуы себеп болды", - делінген комитеттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Комитеттің Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаменті 2022 жылғы 20 желтоқсанда тауарлық газды газ таратушы желілер арқылы тасымалдау қызметтеріне 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіле отырып, 1000 м3 үшін 4 986,91 теңге (ҚҚС-сыз) мөлшерінде тарифті бекітті. Бұл бұрын қолданыста болған 6552,02 теңге/1000 м3 тарифінен 24%-ға төмен.

Ақпаратқа сәйкес, тауарлық газдың бөлшек бағасы Энергетика министрлігімен жыл сайын 1 шілдеден бастап әрбір өңір үшін жеке бекітілетін көтерме бағалардан (76,7%), тауарлық газды газ таратушы желілер арқылы тасымалдау қызметтеріне тарифтерден (14,87%) және газды өткізуге байланысты шығындардан (8,4 %) қалыптастырылады.

"Тауарлық газды газ таратушы желілер арқылы тасымалдау қызметіне тарифтің 24%-ға төмендеуі нәтижесінде осы жылдың 1 қаңтарынан бастап Табиғи монополияларды реттеу комитеті "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ-ның Қарағанды мен Ұлытау облыстары бойынша барлық тұтынушыларына тауарлық газды бөлшек саудада өткізу бағасын 1000 м3 үшін 1 565,11 теңгеге (ҚҚС-сыз) немесе 5%-ға дейін төмендетті. Қарағанды мен Ұлытау облыстары бойынша тұтынушылар 1000 м3 үшін 33 583,94 теңгеден (ҚҚС-сыз) төлейтін болады", - делінген хабарламада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу