Республикашылдар АҚШ Конгресінің төменгі палатасын бақылауға алды

487

8 қараша күні басталған аралық сайлаудың нәтижесі әлі толық шыққан жоқ, бірақ қазірдің өзінде нақты тұжырымдар жасауға болады. 

Республикашылдар АҚШ Конгресінің төменгі палатасын бақылауға алды Фото: static.ukrinform.com

Мысалы, алдағы уақытта дауыс беру нәтижелері қалай өзгеретініне қарамастан, Республика партиясы Өкілдер палатасында үстемдік алғанын сеніммен айтуға болады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Себебі соңғы деректер бойынша, додаға тігілген 435 орынның 429-ының тағдыры белгілі. Демократтар 8 орыннан айырылып, барлығы 211 дауысқа ие болды, ал республикашылдар керісінше 8 орынды тартып алып, билік тұғырын ұстау үшін жинау керек 218 орынды толығымен өз қанжығасына байлады.

Қалған 6 орынды Демократиялық партия алғанның өзінде 1 ұпай республикашылдардан артта қалып, жеңіліске ұшырайды. Сондықтан қазірден Республика партиясын жеңіспен құттықтауға болады.

Артықшылық шамалы болса да, республикашылдар алдағы екі жыл Джо Байден әкімшілігінің күн тәртібін жүзеге асыруды тоқтатуға мүмкіндік береді.

Бұл АҚШ-тағы билік қайтадан екіге қақ бөлінетінін білдіреді, өйткені жоғарғы палата - Сенатты бақылау демократтар қол астында.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу