Ретсіз жұмсалған ақшаның сұрауы кімнен?

473

Ішкі жалпы өнімнен сыртқы қарыз әлеқайда көп.

Ретсіз жұмсалған ақшаның сұрауы кімнен? Фото: inbusiness.kz

Қазақстандықтардың шет мемлекеттерге берешегі 100 млн доллардан асып кетті. Яки біз бен Сіз қарызға өмір сүріп жүрміз, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Бүгін депутаттар өткен жылғы бюджеттің игерілуімен танысты. Есебін арқалап келген жоғары аудиторлық палатасының басшысы Наталья Годунова биліктің атқарған жұмысының парша-паршасын шығарып, тіпті, нәтиже бермейтін күмәнді жобаларын сынады. Бас аудитор жалған сандар беріп үйреніп алған министрліктерге де шүйлікті. Одан бөлек, қарызға белшеден батып, қайтарар кезде мемлекеттік бюджетке телміріп тұратын квазимемлекеттік секторды да түйреп өтті. Бұл ретте ретсіз жұмсалған ақшаның сұрауы кімнен болады? 

Өткен жылы халықтың қаражаты ел игілігіне жұмсалды ма? Бүгін Мәжіліс қабырғасында Қаржы министрі 2022 жылғы бюджеттің дұрыс игерілгендігін айтып, дәлелдеумен болды. Бірақ шұбырған сандарға кейбірі сенбеді. Өйткені, олқылық көп.

"Ішкі жалпы өнімнен сыртқы қарыз әлеқайда көп. Бір жылдың ішінде ол 18 пайызға артқан. Соңғы 10 жылда сыртқы қарыз 7 есеге өскен. Үштен 25 трлн теңгеге дейін. Қалай десеңіздер де ақжолдықтарды мұндай сандар қуантпайды", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев.

Депуттардан бөлек, 1 жылда 8 рет өзгеріс енгізілген бюджеттегі былықты жоғары аудиторлық палата да тексерген. Сөйтсе, биыл да мыңдаған жұмыс орнына әдеттегідей қыруар ақша жұмалған. Дегенмен жұмыссыздық деңгейі өткен жылғыдай 4,9 пайызды құрап отыр.

"Осы ақшаға шешімін таппай келе жатқан апатты және үш ауысымды мектептер салу, жағдайы мүшкіл жылу электр орталықтары мен жылу желілерін қайта құру сияқты мәселелерді шешуге болар еді", - деді ҚР Жоғары аудиторлық палата басшысы Наталья Годунова.

Аудиторлық палата басшысы, Үкіметке жалған сандар беріп үйреніп алған министрліктерге де шүйлікті. Одан бөлек, қарызға белшеден батып, қайтарар кезде мемлекеттік бюджетке телміріп тұратын квазимемлекеттік секторды да тілге тиек етті. Депутаттарға бұл саланы қатаң бақылауға алу керек деген ұсыныс та айтты.

"Жалпы ішкі өнімнің өсуі, триллиондар, тонна, мыңдаған км! Ал осыдан адамның өмір сүруі жақсарды ма? Түсініксіз! Анықтау мүмкін емес! Жоқ! Себебі тапсырманың шарттары дұрыс айқындалмаған", - деді ҚР Жоғары аудиторлық палата басшысы Наталья Годунова.

Жиын бойы тапсырманы дұрыс айқындай алмайтын министрлер мен Жамаубаевқа депуттар сұрақты жаудырды. Дегенмен өткен жылы бюджетке түскен кірістен шығыс басым. 2022 жылы бюджетке түкен кіріс - 16,1 трлн, шығыс - 18,5 трлн. Ал 325 миллиард теңге игерілмей қалған.

"Бюджетті игерудегі тәртіпсіздік - біздің халқымыздың әл-ауқатының, тұрмысының азаюына алып келетін бірден бір фактор", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров.

Осылайша, миллиондар мен триллиондар мәселесі 3 сағат талқыланды. Сөйтіп бюджет есебін 73 депутат қолдап, 12-і қарсы дауыс берді. 7 адам дауыс беруден бас тартты. Жиын соңында Мәжіліс төрағасы "болған іс болды, оған енді өзгеріс енгізе алмаймыз" деп қорытындылады. Ал дұрыс игерілмеген бюджеттің сұрауы кімнен болары сол күйі белгісіз қалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу