Реттеуші банктерге тексеріс жүзгізуді бастады

1124

Стресс-тестілеу 2021 жылдың 4 қазаны мен 2022 жылдың наурызы аралығында өтеді. 

Реттеуші банктерге тексеріс жүзгізуді бастады

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі пилоттық режимде екінші деңгейлі банктерді стресс-тестілеуден өткізуді бастады, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Оған елдегі барлық қаржы ұйымдары қатыспайды. Тексеріс 2021 жылдың 4 қазаны мен 2022 жылдың наурызы аралығында жүргізіледі.

"Агенттік Қазақстан Республикасының Ұлттық банкімен бірлесіп қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылдың басынан бастап ең үздік халықаралық тәжірибелер базасында стресс-тестілеудің кешенді жүйесін қалыптастыру жұмысын жүзеге асыруда.

Стресс-тестілеу тәуекелге бағдарланған қадағалау құралдарының бірі ретінде экономика дамуының ықтимал жағымсыз сценарийлерін ескере отырып, банктер капиталының жеткіліктілігін тұрақты негізде бағалауға мүмкіндік береді", – деп хабарлады агенттіктің баспасөз қызметі.

Бұл құралды енгізу банк секторын қадағалау саясатының 2021 жылға арналған негізгі басымдықтарына сәйкес жүзеге асырылады. Сонымен қатар қаржы секторының орнықтылығын бағалаудың кешенді жүйесін құру арқылы қаржы институттарының ашықтығын қамтамасыз етіп, оған деген сенімді арттыруға бағытталған.

Стресс-тестілеу әдіснаманы, статистикалық модельдерді, банктердегі процестерді өңдеу мақсатында пилоттық режимде өткізіледі. 

"Жобаның басталуына дейін стресс-тестілеу тұжырымдамасын, оны жүргізу бойынша банктерге арналған әдіснамалық нұсқаулықты, деректер шаблоны мен тексеру модельдерін, сондай-ақ қадағалап стресс-тестілеу сценарийлерін әзірлеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. 

Әлемдегі жетекші қаржы реттеушілері қолданатын тексерістің екі кезеңдік моделі негізге алынған. Бірінші кезеңде банктер реттеуші-bottom-up (төменнен жоғары) нұсқаулықтарына сәйкес стресс-тестілерден өтеді. Екінші кезең шеңберінде Агенттік әрбір банк бойынша top-down (жоғарыдан төмен) стресс-тестілеуді жүргізеді", – деп хабарлады агенттіктің баспасөз қызметі.

Екі тәсілді қолдану жекелеген банктердің бизнес модельдерінің, стратегиялары мен басқару бойынша шешімдерінің ерекшеліктерін есепке алуға мүмкіндік береді. 2021 жылы жоба пилоттық режимде ұйымдастырылса, 2022 жылдан бастап жыл сайынғы негізде жоспарланған.

"Қадағалап стресс-тестілеуді толыққанды енгізу банктердегі тәуекелдерді басқарудың ішкі процестерін жақсартады, сондай-ақ 2023 жылдан бастап экономика дамуының стрестік сценарийлерін іске асырған жағдайда ықтимал шығындарды жабу үшін жеткілікті деңгейде капитал бойынша талаптарды қалыптастыруға мүмкіндік береді", – деп хабарлады агенттіктің баспасөз қызметі.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу