Reuters: "Теңізшевройл" және "Total&Dunga" компаниялары КҚК тыс бағытты пайдалана бастады

569

Қазақстандық "Теңізшевройл" (ТШО) және Total&Dunga компаниялары КҚК құбыры жұмысындағы ақаудан соң, Ресей арқылы мұнай тасымалдау тәуекелін ескеріп жаңа экспорттық бағытты пайдаланған, деп жазады Reuters агенттігі.

Reuters: "Теңізшевройл" және "Total&Dunga" компаниялары КҚК тыс бағытты пайдалана бастады Фото: facebook.com/cpcpipe

Басылым жыл басындағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұнай тасымалдау бағыттарын әртараптандыру қажет екеніне байланысты мәлімдеме жасағанын атап өтіпті.

Reuters агенттігіне мәлімет берген дереккөз "Теңізшевройл" теміржол арқылы Финляндияға осы айда 1000 тонна мұнай жөнелтуді жоспарлап отырғанын мәлімдеген.

"ТШО өкілдері түсініктеме беруден бас тартты", – деп жазады Reuters.

Ал "Energy monitor" телеграм арнасы бұл мәселе бойынша компанияға сұрау салғанын, компания тарапынан "ТеңізШеврОйл" саясатына сәйкес, компания биыл мен болашақтағы іскери және коммерциялық жоспарларына қатысты нақты жайттарға түсініктеме бермейді" деген жауап алғанын жазады.

Басылым мәліметінше, "Total & Dunga" қыркүйек айында Ақтау порты арқылы "Баку-Тбилиси-Джейхан" құбырына өз мұнайын жеткізуді бастаған. Ақпаратқа сәйкес, "өткен айда бұл бағыт бойынша 25000 тонна жеткізіліпті, жыл соңына дейін компания осы бағыт бойынша 200 000 тоннаға дейін мұнай жөнелтуді жоспарлап отыр".

"Total & Dunga және Қазақстанның Энергетика министрлігі Reuters агенттігінің түсініктемелер туралы сұрауларына бірден жауап берген жоқ", – деп жазады Reuters.

ТеңізШевройлОйл консорциумының акцияларына Chevron (50%), Exxon Mobil Corp (25%), Қазмұнайгаз (20%) және Лукойл  (5%) компаниялары иелік етеді.

"Total & Dunga" компаниясында "Total E & Pdunga GmbH"  (60%) , жоба операторы "Oman Oil Company Limited" (20%) және "Partex Kazakhstan Corporation" (20%) үлестері бар.

Еуропа Одағы елдерінің басым көпшілігі эмбарго енгізуге келіскеннен кейін, Ресей мұнайын экспорттауға 5 желтоқсаннан бастап тыйым салады. Трейдерлер бұл Ресей порттары арқылы тасымалданатын ресейлік емес тауарлардың жеткізілуіне теріс ықпал етуі мүмкін деп қауіптенеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу