Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова 16 қазанда Қазақстан–Ресей шекарасында жүк көліктерінің кептелісі мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кейбір деректерге сенсек, Қытайдан Қазақстан мен Қырғызстан арқылы өткен 7 мыңға жуық жүк көлігі, шамамен 77 мың тонна жүкпен, Ресей шекарасында бір айдан бері тұр.
Дәл осы мәселеге қатысты вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 9 қазан күні мемлекеттік органдар, Шекара қызметі, Сыртқы істер министрлігі, ІІМ Көші-қон қызметі комитеті басшыларының, шекара маңы өңірлері әкімдері орынбасарларының және Парламент Мәжілісі депутатының қатысуымен жедел кеңес өткізген болатын.
Онда Ресей Федерациясына кіру кезіндегі өткізу пункттерінде жүк көліктерінің тұрып қалуы мен Ресей Федерациясының көші-қон заңнамасының жаңа нормаларының қолданылуына байланысты жүргізушілердің шағымы қаралды.
Ал Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова:
"Қазақстан – біздің стратегиялық әріптесіміз және Орталық Азиядағы басты одақтасымыз. Біздің елдер арасындағы шекара – әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара. Сондықтан екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – қауіпсіз және сенімді жүк транзитін қамтамасыз ететін бірыңғай еуразиялық көлік-логистикалық инфрақұрылым құру", – деді.
Оның айтуынша, тараптар трансшекаралық инфрақұрылымды жақсартуға, оның ішінде өткізу пункттерін жаңғырту мен жетілдіруге ерекше көңіл бөледі.
"Осы жағдайда Ресей Сыртқы істер министрлігі екі ел шекарасындағы өткізу жүйесінің жұмысына қатысты кез келген қиындық туралы ақпаратты мұқият қадағалап, дипломатиялық арналар арқылы жедел әрекет етеді. Біздегі мәлімет бойынша, жүк көліктерінің басым бөлігі Қазақстан аумағындағы халықаралық өткізу бекеттеріне жақын тұрақтарда тұр және жүк жөнелтуші компаниялардың "арнайы нұсқауларын" күтіп, шекараны кесіп өтпей отыр. Кейбіреулер Ресейдің Кеден қызметі мобильді топтарының тексерістерін күшейтті деп айтып жүр. Алайда біздің кеден органдарының барлық іс-шаралары қатаң регламентке сай жүргізіліп, тек Ресей Федерациясының экономикалық мүдделерін, азаматтардың өмірі мен денсаулығын, сондай-ақ елге әкелінетін тауарлар тұтынушыларының құқықтарын қорғауға бағытталған. Біз адал сыртқы экономикалық қатысушылар үшін өзара сауда аясында жүк қозғалысына ешқандай кедергі жоқ екенін растай аламыз", – деді Захарова.