Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне сілтеме жасап.
ШҚО әкімінің хабарлауынша, Риддердегі ЖЭО-да жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Станциядағы агрегаттардың жұмысын реттеу үшін Өскемен және Согра ЖЭО энергетиктері тартылған. Қалпына келтіру жұмыстары үшін ЖЭО–ға "Терезе" және "ВК Инвест Инжиниринг" кәсіпорындарының да 30 маманы қосылған.
"Жылу орталықтарында №1, №3 орташа қысымды қазандықтар және №6 жоғары қысымды қазандық жұмыс істейді. №4 жоғары қысымды қазандықты автоматтандыру бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жақын арада осы агрегатты қалпына келтіру жұмыстары аяқталады", деп мәлімдеді Даниал Ахметов.
5 қарашада "Риддер-ЖЭО" АҚ-да күл шығару жүйесіндегі сорғы істен шығып, №1 қазандық агрегатының қосалқы жабдығы апатты түрде ажыратылған болатын. 12 қараша күні Риддер жылу орталығының №6 жоғары қысымды қазандығының жұмысы штаттан тыс жағдайға байланысты тоқтатылған еді.