Өрт 2021 жылғы 10 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Риддер қаласының әкімшілік аумағындағы Лесхоз кентінде сағат 13.55-те орманға жайылған өрттен туындаған болатын. Желдің екпіні 20 м/с-қа дейін жетіп, 5 көшеде 31 үй, 5 жеңіл автокөлік және шаруашылық құрылыстарының 7 учаскесінде, сондай-ақ ТҚС үй-жайын от шарпыған. Өртенген үйлерде 72 адам тұрған. Қазір 13 азамат жатақханаға, қалғандары туыстарының үйлеріне орналастырылды.
Өртті сөндіруге 493 жеке құрам, 69 бірлік техника, 2 тікұшақ жұмылдырылды. Қазіргі уақытта Риддер қаласына қарасты Лесхоз кенті тұрғын үйлеріндегі өрт толығымен сөндірілді. 11 мамырда "Қазавиаорманқорғау" тікұшағымен әуеден барлау жасалды. Ұшу нәтижелері бойынша өрттің жалпы ауданы – 287,4 га, оның 272,4 га –орман аймағы анықталды. Құрамында 138 адам және 5 Орман шаруашылығы техникасы бар қарауылдау жүргізіледі.
Риддер қаласы әкімінің қаулысымен жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Материалдық шығынды анықтау мақсатында қалалық әкімдіктің зардап шеккен тұрғын үй нысандарын тексеру жөніндегі комиссиясының жұмысы ұйымдастырылды.
ШҚО полиция департаментінің күшімен тонау фактілерінің жолын кесу мақсатында өрт болған жерде тұрғын үйлерде кезекшілік ұйымдастырылды. ШҚО ТЖД Дағдарыс орталығында және өрт болған жерде штабтар ашылып, 8(7232) 55-38-19 нөмірі бойынша зардап шеккендер үшін жедел байланыс желісі жұмысын жалғастыруда. ШҚО ТЖД Жедел-құтқару жасағының психологтары мен дәрігерлері өрт кезінде зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетеді. Халыққа көмек көрсету мәселесі Шығыс Қазақстан облысы әкімінің тұрақты бақылауында