Риддер қаласындағы жылу электр орталығын жөндеуге Үкімет резервінен қосымша 1,7 млрд теңге бөлінді.
Бұл қаражат Шығыс Қазақстан облысының бюджетіне мақсатты трансферт түрінде түседі. Қаражат жылу стансасының бұрын қамтылмаған тозығы жеткен қондырғыларын жаңартуға жұмсалмақ.
Жалпы, кейінгі 2 жылда Риддер ЖЭО-на жалпы сомасы 15,5 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражаттың есебінен қазандықтар мен турбиналар жөнделіп, жылу желілерінің 21,3 шақырымы жаңартылыпты.
Нәтижесінде, станса жабдықтарының тозу деңгейі 75%-дан 46%-ға, ал жылу желілерінің тозуы 82%-дан 67%-ға дейін төмендеген.
Әйтсе де жұмыс бұнымен бітпейді. Бұған дейінгі жөндеу науқанына енбеген бірқатар маңызды тораптар – қазандық агрегаттары, турбоагрегаттар және электрмен тұрақты жабдықтауға жауапты тарату құрылғылары әлі күнге дейін толық жөндеуден өтпеген.
2023 жылы Үкімет Риддер жылу электр орталығын бұрынғы иесінен 1 теңгеге сатып алды. Бұрынғы иесі жылу орталығының 5,5 млрд теңге қарызын төледі.
Сол кезде Үкімет резервінен қаражат бөлу тетігі пысықталып, 8,3 млрд теңге бөлінді және оны жөндеу үшін 8 мердігер ұйым тартылған.