Риддер жылу орталығына қатысты іс қозғалды

451

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі сотқа 2,7 миллиард теңгеге талап-арыз берген.  

Риддер жылу орталығына қатысты іс қозғалды

Риддердегі жылу электр орталығының жағдайы әлі мүшкіл. Станцияға қыс ортасында келіп, иелік еткен жаңа қожайындар бұрынғысынан бетер болып шықты. Компания қарызға белшеден батқан. Тіпті жұмысшылардың жалақысын бере алмай отыр. Сондықтан Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі сотқа 2,7 миллиард теңгеге талап-арыз берген.  

Риддер жылу электр орталығының иесі ауысқанда қала халқы де жергілікті билік өкілдері де жағдай реттеледі деп үміттенген еді. Алайда ол үміт ақталмады. Онсыз да тозып тұрған орталықтағы жағдай тіпті қиындап, компания қарызы көбейіп кеткен. 

"Компанияның кредиторлық берешегі 3,3 миллиард теңге. Кәсіпорын басшылығы электр энергиясының да, судың да, мазуттың да ақшасын төлемеді. Жұмысшылардың жалақысын да бермеген. Бір сөзбен айтқанда ешқандай жұмыс істеп отырған жоқ", - дейді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов.

Облыс әкімінің айтуынша, Риддерге көмір мен мазутты қазір Өскемен жылу желілері жеткізіп беріп отыр. Қаланы жылумен қамтамасыз ету үшін алдын ала төлем де жасалған. Жылу орталығы жұмысшыларының ақпан айындағы жалақыларын да жапқан. Өңір басшысы біз дер кезінде араласып, меселені шешуге ықпал етпегенде жағдай мүлдем қиын болар еді деді. Ал риддерліктер болса күллі қала халқын осы күйге жеткізген бақылаудың жоқтығы деп айыптайды.

"Біздің үкімет уақытты өткізіп алды. Жергілікті жердегі әкімдік не қарап отырды? Жылудың дұрыс берілмей жатқанын халық ерте бастан айтты ғой. Жылу беретін қазандықтар бірақ бұзылып, апат болғанда ғана бәрі шулап жүгірді", - деді "Рассвет" пәтер иелері кооперативінің төрағасы Елена Каил. 

Ал осы салаға қатысты мамандар еліміздегі жылу электр орталықтары қатты тозған. Қай жердегі станция болмасын ол жекенің не мемлекеттің меншігінде болса да көп өзгеріс болмас еді деген пікір білдірді. 

"Жалпы энергетика саласында қаржының тапшылығы байқалып отыр. Ол әрине бүкіл жөндеу жұмыстарына әсер етеді. Жалпы жалақыны көтеру мүмкіншілігіне әсер етеді. Бізде жұмыскерлер энергетикадан кетіп жатыр. Жас мамандар энергетика саласына келе қоймайды" - дейді Қазақстанның электр-энергетикалық қауымдастығының төрағасы Талғат Темірханов.

Облыс әкімдігі Риддер жылу электр орталығын қыркүйек айының ортасына дейін қалыпқа келтіреміз деп отыр. Мұны естіген ондағы ел де ендігі қыста биылғы қиыншылықты көрмейтін шығармыз деп үмітті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу