Риддерде көкөніс өсіру үшін үлкен жылыжай салу жоспарлануда, деп хабарлайды altaynews.kz.
Қала әкімі Жомарт Мұратовтың мәлімдеуінше, аталмыш идеяны Риддер ЖЭО-ның жаңа иелері ұсынған. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының барысы талқылануда. Қала басшысы бұл ретте сапаға көп көңіл бөлу керектігін алға тартты. Тартылатын инвестиция көлемі де айтарлықтай екен.
"Жылыжай жобасын голландиялықтар жасап жатыр. Құрылыс жабдықтары да аталмыш елдікі. Инвестицияның жалпы көлемі 12 миллиард теңгені құрайды. "Көкөніс курортының" жалпы аумағы 12 гектар – алты гектар қиярға, алты гектар қызанаққа бөлінеді. Жылыжай кешенінде екі жүз адам жұмыс істейтін болады. Алайда, әзірге құрылыстың басталуы туралы сөз болған жоқ, жоба әлі де талқылау сатысында",– деді Жомарт Мұратов.