Риддер қалалық соты өзінің қызметтік бабын пайдаланып, бөтен мүлікті ысырап ету фактісі бойынша (ҚР ҚК 189-бабының 2-бөлігінің 3-тармағы) Ж. есімді азаматшаға қатысты қылмыстық істі қарады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Сотталушы дүкенде кассир болып жұмыс істеп 2023 жылғы 1-28 қыркүйек аралығында жалпы сомасы 1 270 341 теңге ақшалай қаражатты ұрлады. Ұрлық "1С" бағдарламасында кассалық чектердің жолдарын өшіру және сатып алушыларға тауардың берілгеніне қарамастан, жалған қайтарым рәсімдеу арқылы жасалғаны анықталды. Сот отырысында сотталушы Ж. қылмыстық құқық бұзушылықты жасағанын мойындамады", – деп жазылған хабарламада.
Сотталушының кінәсі бейнебақылау камераларындағы жазбалармен, сот-экономикалық және бухгалтерлік сараптамалардың қорытындыларымен, сондай-ақ, куәлардың айғақтарымен дәлелденді.
Мемлекеттік айыптаушы ҚР ҚК 189-бабының 2-бөлігінің санкциясына сәйкес, амнистия туралы заң талаптарын ескере отырып жаза тағайындауды сұрады. Жәбірленушінің өкілі де азаматтық талапты қолдап, келтірілген материалдық залалды толық көлемде өндіруді ұсынды.
"Сот сотталушы Ж.-ның кәмелетке толмаған 2 баласының бар екенін және оларды Ж. жалғыз өзі тәрбиелеп отырғанын қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде таныды. Ауырлататын мән-жайлар сотпен анықталған жоқ", – деп жазылған соттың хабарламасында.
Сот Ж.-ға 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын және сол мерзімге материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза тағайындады.
"ҚР Конституциясының отыз жылдығына байланысты амнистия туралы" заңының негізінде сотталушы негізгі жаза - бас бостандығын шектеуден босатылды.
"Сонымен қатар, сот жәбірленушінің азаматтық талабын толық көлемде қанағаттандырып, сотталғаннан 1 270 341 теңге мөлшерінде материалдық залалды өндіріп алды. Үкім заңды күшіне енген жоқ", – деп жазылған ШҚО сотының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.