Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Риддер тұрғындарымен есеп беру кездесуінде қаладағы ауыл шаруашылығы саласының көрсеткіштеріне тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Риддердің ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті зор. 7 айда ондағы ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 8,4%-ға ұлғайды. Қалада 104 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Риддердің өзінің қайта өңдеу базасы құрылды. "Milkom" ЖШС жылына 7,2 мың тоннаға дейін сүт шығарады", –
деді аймақ басшысы.
Нұрымбет Сақтағанов жергілікті шикізат көлемін арттырып, қайта өңдеу кәсіпорындарының қуатын толық пайдаланудың маңызын атап өтті.
"Халықты жайылымдармен қамтамасыз ету – бір бөлек мәселе. Жайылымдардың жалпы ауданы 14,1 мың га құрайды. Бұл ретте шаруашылықтағы мал үшін қосымша шамамен 3,5 мың га жер қажет. Пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға белсенді тартып, жемшөп базасын нығайту және халықтың жайылымдарға қолжетімділігін қамтамасыз ету керек. Қосымша құн мен жұмыс орындары Риддерде қалуы үшін "жем-шөп базасы – мал шаруашылығы – қайта өңдеу – сатудың" бірыңғай тізбегі жұмыс істеуі тиіс", – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Облыс әкімі Риддердің 2026-2030 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және пайдалану жоспарын іске асыруды, сондай-ақ жергілікті шикізат көлемін, қайта өңдеу қуаттарының жүктемесін арттырып, өнім өткізу арналарын кеңейтуді тапсырды.