Риддерде демалыс күндері қоғамдық көлік жүрмейді

424

Риддер қаласында сенбі-жексенбі күндері қоғамдық көлік жүрмейді. 

Риддерде демалыс күндері қоғамдық көлік жүрмейді Фото: Gov.kz

Ал жұмыс күндері бағыттағы автобустар кестеден кешігіп, жүргіншілер аялдамаларда сағаттап тұруға мәжбүр. Осыған қарамастан тасымалдаушы компания қаңтар айында билет бағасын көтеріп жіберген. 

Риддер қаласында 55 мыңнан астам тұрғын бар. Қала шағын емес, орналасуы да ерекше. Тау арасына созыла салынған. Сондықтан жаяу жүргіншілерге шаһардың бір шетінен екінші шетіне жету үшін қоғамдық көлік ауадай қажет. Бірақ осы автобустардың кешігуі соңғы жылдары тіпті жиілеген.

"Зейнеткер ретінде 115 теңге төлеймін. Басқалары 130 теңге төлейді. Бірақ көрсеткен қызметтері сол ақыға татымайды. Сағаттап тосамыз. Сұмдық қой мынау. Елдің бәрінде жеке көліктері жоқ", дейді Риддер қаласының тұрғыны Ирина Трантий. 

Қаладағы 4 тасымалдаушы компанияда 17 автобус бар. Олар кешеуілдесе де әйтеуір әупірімдеп 12 бағыт бойынша қатынап жүр. Билет құны да қаңтар айында 90 теңгеден 130 теңгеге қымбаттаған. 

"Былтыр қарашада облыстық мәслихаттың шешімімен қала ішіндегі барлық бағыт әлеуметтік маңызы бар деп танылды. Бұл дегеніңіз тасымалдаушыларға субсидия беруге болады деген сөз. Осы арқылы 4 компанияға 30 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетеміз. Жалпы автобус қатынасы дұрыс жолға қойылып келе жатыр", дейді Риддер қаласы әкімінің орынбасары Мұрат Байжұменов.

Субсидия қала бюджетінен төленетін болғандықтан, бұл мәселе жергілікті мәслихатта көктемде қайта қаралады. Депутаттар қолдай ма жоқ па ол жағы әзірге белгісіз. Айта кетейік, өзге өңірлердегідей мұнда да жүргізуші жетіспеушілігі тағы бар. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу