Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында құтқарушылар өртенген үйден 3 газ баллонын сыртқа шығарып үлгерді, деп хабарлайды inbusiness.kz ШҚО ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Департамент мәліметінше, өрт 20 ақпанда Риддердегі Алтай көшесінде шыққан. Оқиға орнына өрт сөндірушілер келген кезде жер үйдің шатыры, терезе мен есік блоктары, жиһаз, жеке заттар жанып жатты. Тілсіз жау үй маңындағы моншаны да шарпыған.
"№1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесінің командирі Евгений Бабенко және аға өрт сөндіруші-құтқарушы Досжан Есімханов жанып жатқан үйден 27 литрлік 3 газ баллонын сыртқа шығарып үлгерді. Көп ұзамай жалпы ауданы 90 шаршы метрді құраған қызыл жалын толықтай ауыздықталды", - делінген хабарламада.
Өрттің шығу себебі – электр жабдықтарын орнату және пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамаудан немесе отпен абайсыз жұмыс істеуден болуы мүмкін.