Риддерде су басқан үйден бір отбасы эвакуацияланды

409

Риддер қаласында су тасқыны мәселесі әдетте көктем мезгілінде туындайды. Шағын шаһарда бүгін болған оқиға – табиғи сипаттағы жағдай емес, немқұрайлықтың салдары.

Риддерде су басқан үйден бір отбасы эвакуацияланды Фото: видеодан скрин

Риддер қаласының әкімі Дәулет Батырбаевтың айтуынша, "ЛК ГЭС" ЖШС-де су қабылдауды тоқтатпау үшін су рұқсатсыз түрде шамадан тыс жіберілген. Соның кесірінен Хариузовка өзенінде қабыршақ мұз жинақталып, кептеліс пайда болған. Салдарынан су арнасынан асып, жақын маңдағы аумақты, оның ішінде жеке сектордағы төрт үйдің ауласын және екі үйді басты, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты Altaynews.kz порталына сілтеме жасап.

Күндіз су басқан үйлердің тұрғындары эвакуациядан бас тартқан болатын, бірақ кешке қарай бір отбасы кішкентай балалары болғандықтан осы мүмкіндікті пайдалануға шешім қабылдады. Олар қауіп жойылғанға дейін Риддер аграрлық-техникалық колледжінің ғимаратына орналастырылды. Жанұя ыстық тамақпен және гигиена құралдарымен қамтамасыз етілді.

Қала әкімінің төрағалығымен полиция бөлімі, ТЖБ, прокуратура және "Казцинк" кәсіпорны өкілдері қатысқан штаб отырысы өтті. Мамандар ағымдағы жағдайды бағамдады. Өзен арнасын тексеру кезінде кептелістің қашықтығы бір шақырымнан асатын учаскеде пайда болғаны анықталды. Жедел түрде арнаны тазарту жұмыстары басталды.

– Мұзды бөгеп тұрған жаяу жүргіншілер көпірін бөлшектеу туралы шешім қабылданды, – деді Дәулет Батырбаев. – Некрасов көшесі аумағында арнаны тазарту жұмыстары басталды. Ол үшін қалалық су арнасының, "ЛТВК" мамандандырылған кәсіпорнының және "Казцинк" ЖШС-нің техникалары мен жұмыскерлері, 3 экскаватор, 2 тиегіш, жұмысшыларды жылытуға арналған вахталық автобус жұмылдырылды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде су деңгейінің төмендеуі байқалды.

 Мамандардың бағалауынша, арнаны тазарту қайта су басу қаупін жоюы керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу