Риддердегі өзеннің ластануына Риддер тау-кен байыту кешенінің қалдық қоймасындағы құбырдың жарылуы себеп болған. Нәтижесінде құбырдың бір ұшы жерге құлап, пульпа жер бедеріне төгілген.
Естеріңізге сала кетейік, 27 шілдеде Риддер қаласындағы Филипповка өзенінің ластанып, сұрғылт түске өзгергені туралы видео тараған болатын.
Белгілі болғандай, өзенге сол маңдағы тау-кен байыту кешенінің қалдығы құйылған. Бұл кешен "Казцинк" ЖШС-ге қарасты. Облыстық Экология департаменті тексеру жүргізген болатын.
- Зардаптарды жою үшін "Казцинк" ЖШС РТБК кәсіпорнының қызметкерлері сол күні пульпа құбырларын құрғату мақсатында жұмыстың технологиялық процестерін тоқтатты. Нәтижесінде пульпаның түзілуі тыйылды. Содан кейін технологиялық процесс резервтік пульпаөткізгішке ауыстырылды. Кәсіпорынның техникасымен жер бедерінен пульпа жиналып, апаттық тоғанға шығарылды, кейіннен оны "Казцинк" ЖШС қолданыстағы қалдық қоймасына апарып тастады, - деп жазалды Экология департаментінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Экология департаменті аталған іс бойынша келтірілген шығынның есептеліп жатқанын хабарлады.
- Химиялық талдаулардың және су объектілері мен балық ресурстарына экологиялық залалды бағалау нәтижелері бойынша қылмыстық іс қозғау үшін тексеру материалдарын полиция органдарына жіберу жөнінде шешім қабылданатын болады. Қазіргі уақытта залал сомасы нақтылануда, - делінген хабарламада.