Риддердегі пәтерлер суып кетті

256

Былтыр қыстай жылуға жарымаған Риддер тұрғындарының пәтерлері суып кетті.

Риддердегі пәтерлер суып кетті Фото: u24.ru

Соңғы бірнеше күн қатарынан -30 градустан асқан аяз қала халқын әбден әбігерге салды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Үйі жылымаған азаматтар электр жылытқыш құралдарын қосып, қосымша шығынға батып жатырмыз, дейді. Жылу мәселесі жақын арада шешілуіне көмектеріңіз тисінші – деген, халық Atameken арнаcына хабарласты.

Тұрғындар үйлерінде қалың киім киініп, түнде төсекте бірнеше көрпені қапаттап жамылып жан сақтап жатырмыз, дейді. Барып кірген пәтерлер салқын екеніне куә болдық.

"Жоқ дегенде екі көрпе жамылып жатамыз. Өйткені үй салқындады. Үш-төрт күннен бері міне жұма күннен бері қалай аяз басталды, содан үй суып бастады. Былтыр біз пеш қосып, үйді жылтып отырдық. Қазір де тура соған келіп тұрмыз", - дейді Риддер қаласының тұрғыны Салтанат Сылдырбаева.

Ал қаланың қақ ортасындағы Тәуелсіздік даңғылында да жағдай оңып тұрған жоқ. Тұрғындардың былтырғы көрген қиыншылығы әлі естерінде. Сондықтан ала жаздай жылу электр орталығының жөнделгенін асыға күтті. Бірақ суық баспаналары көңілдерін қазір су сепкендей басқан. Тіпті кейбір жастар қолындағы қарттарын жылы жаққа ауатын құстай, суық түсе көшіріп жіберген.

"Міне екі-үш күн болды апаны жылы үйге апарып тастадық. Туыстардың үйіне, ескі үйлерге. Мына үйлерде өзіміз тұрып жатырмыз. Балалар үлкен, шыдауға болады. Бірақ енді мынау деген келмейтін жағдай. Үй суық тіпті. Дала не, үй не бір", - дейді Риддер қаласының тұрғыны Самат Битімбаев.

Риддер жылу орталығындағы жөндеу жұмыстарына үкімет 10 миллиард теңге берді. Жергілікті билік жөнделген қазандықтар қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұрғанын айтты. Ал үйлердегі жылудың дұрыс болмауы жылу желілерінің ескілігіне байланысты. Өйткені ескі жүйені елдің бәрі ауыстырмаған. Сонымен қатар, кейбір үйлер жертөлелеріне сорғыш орнатып алғандықтан, одан кейінгі үйлерге қысым жетпегендіктен үй суып жатқан көрінеді.

"Күннің суықтығына байланысты бүгін тағы бір қазандықты іске қосып жатырмыз. Одан бөлек 3 қазандық жоғары қысымда жұмыс істеп тұр. Жағдай бақылауымызда", - дейді Риддер қаласының әкімі Дәулет Батырбаев. 

Біз тұрғын үйлерден бөлек мектеп пен балабақша секілді әлеуметтік нысандарға да бардық. Ол жерлерде жылу температурасы қалыпты. Қала әкімі қазіргі жағдайға күннің кенет суытып кетуі де себеп екенін айтып, жағдай алдағы бір тәулікте дұрысталады деп сендірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу