Риддердегі ЖЭО-да іске қосылған жаңа жабдықтар жан-жақты тексеріледі

Өткен сенбіде Риддер ЖЭО-дағы қазандық агрегаттарының бірі іске қосылып, тұрғын үйлерге ыстық су берілді. 

Риддердегі ЖЭО-да іске қосылған жаңа жабдықтар жан-жақты тексеріледі Фото: GOV.KZ

Іске қосылған алғашқы қазандық қалыпты жұмыс істеп тұр, деп хабарлады ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.

Естеріңізде болса, өткен қыста "Риддер ЖЭО-да" қайта-қайта апат болып, қалада төтенше жағдай жарияланды. Жылу көзін мұндай мүшкіл хәлге жеткізген, табиғи апат емес екенін айтуымыз керек.

60 мыңға жуық тұрғыны бар қаладағы жылу станциясының жұмысы техникалық үдерістер жиі бұзылғандықтан, ұзақ уақыт бойы жөндеу көрмегендіктен тұралап қалды.

Тұрғын үйлерге ыстық су толық берілгеннен кейін, қазандық уақытша өшірілді. Мамандардың айтуынша, мұндай "үзілістер" – қалыпты жағдай. Қандай да бір ақауларды дер кезінде жою арқылы ғана жылу көзін қысқы маусымға тыңғылықты етіп дайындауға болады.

"Ал бүкіл қаланы жылумен қамтып отырған алып жабдықтың қыр-сыры одан да көп. Алғаш рет іске қосылған жабдықтар жаңа болғандықтан мұқият тексеріліп, олқылықтары болса, суық түскенге дейін ретке келтірілуі қажет", – деп хабарлады өңір әкімдігі.

Сондықтан қазандықтың жұмысы уақытша тоқтатылды. Ыстық су үйлерге бүгін қайта беріле бастайды. 

"Энергетикалық станциялар мен желілерді пайдаланудың техникалық қағида регламентіне сәйкес күрделі жөндеу жүргізілген жабдық 48 сағат ішінде жүктеме сынағынан өткізіледі. Жабдық 72 сағат ішінде қалыпты жүктемемен үздіксіз жұмыс істеген жағдайда кешенді сынақтан өтті деп есептеледі", – дейді Риддер әкімі Дәулет Батырбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу