Риддердегі жылу электр орталығына осыған дейін мардымды жөндеу жүргізілмеген

524

Жылу орталығының қарызы 3,3 млрд теңгеге жетті.

Риддердегі жылу электр орталығына осыған дейін мардымды жөндеу жүргізілмеген Фото: Инфоорталық ШҚО

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жылу орталығы қарызы 3,3 млрд теңгеге жетті. Орталықтың жаңа бас директоры осыған дейін қазандыққа мардымды жөндеу жұмысы жүргізілмегенін айтты. 

Риддер қаласын жылумен қамтамасыз етіп отырған жылу орталығында қыс бойы апат болып, тұрғындар қақыраған суық үйде күн кешкен болатын. Осыған орай жаңадан тағайындалған облыс әкімі Ермек Көшербаев өңір бойынша алғашқы сапарын ең маңызды нысандардың бірі - "Риддер ЖЭО" АҚ жұмысымен танысудан бастады.

Онда жылу орталығының басшылығымен және жөндеу жұмысына тартылған мердігер ұйымдармен кеңес өткізді.

Орталықтың жаңа бас директоры Игорь Михайленко осыған дейін меншік иелері жылу орталығына жөндеу жұмыстарын жүргізбей пайдаланып келгенін айтты. 

- 2018 жылы 5 қазандық, 4 турбина жұмыс істеді, 1 қазандық резервте тұрды және компанияның шотында 1 млрд теңге болды. Қазір ЖЭО қарызы 3,3 млрд теңгеге жетті, - дейді Игорь Михайленко.

Айта кетейік, Игорь Михайленко осыдан 5 жыл бұрын осы ЖЭО-ны басқарған және оның ерекшеліктерін жақсы біледі. Айтуынша, жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүріп жатыр.

Ермек Көшербаев осы жұмыстардың барысымен танысып, бейінді ведомстволардың басшыларына тиісті тапсырмалар берді.

- Осы уақытқа дейін қаланың игілігі үшін жұмыс істеп келе жатқан қызметкерлерге және шыдамдылық танытып, жағдайға түсіністікпен қараған риддерліктерге алғыс білдіремін! Жылыту маусымына дейін жөндеу жұмыстарын аяқтау үшін бар күшімізді саламыз. Біз қаланы жылумен қамтамасыз етуіміз керек, - деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу