Риддер қаласындағы Жылу электр орталығында тағы да өрт шықты. Бұл жолы екі қазандықты қызыл жалын шарпыды. Салдарынан тұрғын үйлерде жылу азая бастаған.
Жылту маусымы басталғалы бері жылуға жарымаған Риддер халқы тағы да қоңыр салқын үйде күн кешуге мәжбүр. Себебі, Жылу электр орталығындағы екі қазандықта өрт шыққан.
Аймақ басшысы Даниал Ахметов бірден қалаға барып, шұғыл жиналыс өткізді.
- Орталықтың жаңа иелері өздеріне жүктелген жауапкершілікті арқалай алмай жатыр. Технологиялық процестер бұзылған, инженерлік бақылаудың болмағаны анық. Қаңтар айынан бастап жаңа инвесторлар жабдықтарды жөндеуге, дебиторлық берешекті, отын жеткізушілер алдындағы борыштарды өтеуге және жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаражат салған жоқ. Нәтижесінде, тағы бір төтенше жағдай болып отыр. Абырой болғанда, жабдыққа айтарлықтай зақым келтірілмеді. Қазір екі қазандық агрегаты жұмыс істеп тұр, тағы екеуі қыздырылуда, - дейді аймақ басшысы.
Облыс әкімі қалада өрттің салдарынан жылу температурасы азайғанын айтады.
Айта кетейік, қаңтар айының аяғында жылу орталығының иесі ауысқан болатын. Сол кезде Даниал Ахметов журналистерге Жылу электр орталығының жаңа иесімен сатып алу-сату шартын жасасқанын, келісімге сәйкес, ол компания қысқа уақыт ішінде орталыққа кем дегенде 7 млрд теңге инвестиция жасай алатынын банктік есепшоты арқылы көрсетіп, дәлелдеуі керектігін айтқан болатын. Бірақ, орталықтың жаңа басшысы тізгінді қолға алғанымен, олқылықтардың орынын толтыруға қаржы салмаған. Бұны аймақ басшысы растап отыр.