Риддер қаласындағы жылу электр орталығының екі қазандығы бір аптадан кейін іске қосылады. Бұл туралы қала әкімдігі мәлім етті.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылту маусымында Риддер қаласындағы жылу электр орталығында бірнеше рет апат болып, қала халқы жылусыз қалған болатын. Осындай кемшіліктердің алын алу максатында орталыққа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, 12 қыркүйекте "Риддер ЖЭО" АҚ-да №1, 2 орташа қысымды қазандықтар іске қосылады.
- №1, 2 қазандықтарды сумен толтырып, жылу желісінің тығыздығы мен беріктігін тексереміз. Сол кезде кейбір жерлерден тамшылап су кетуі мүмкін. Ақауды жөндеп, одан кейін қайтадан қысыммен су беру керек. Бұл жұмыстар жылыту маусымы кезінде кідіріс болмауы үшін жасалып жатыр, - дейді Риддер қаласының әкімі Дәулет Батырбаев.
Қала әкімі орталықта кадр тапшылығы мәселесі бар екенін айтты. Тіпті тәжірибелі мамандар кетіп қалған. Салдарынан олқылықтар орын алып жатқан көрінеді.
- Өйткені соңғы он жылдықта кәсіпорыннан тәжірибелі мамандар кетіп қалды. Жылу орталығындағы болған жағдайдың бір себебі сол деп ойлаймын. Президент өзінің Қазақстан халқына Жолдауында жылу және электр энергетикасының барлық саласын жандандыру қажет екенін атап өткен еді. Риддердегі ЖЭО-да бұл жұмыстар қазірдің өзінде жүргізілуде, соның ішінде барлық алты қазандықты қайта құру және жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде, - дейді Дәулет Батырбаев.
Риддер қаласының әкімі білікті кадр тапшылығы мәселесін жалақыны көтеру, әлеуметтік пакетті жақсарту, орта және жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жас мамандарды жұмыспен қамту арқылы шешу қажеттігін жеткізді.