Риддерлік тұрғындар аюлардан қорқып отыр

115

Жыртқыштар қаланың шетіне таяу келіп жүр.  

Риддерлік тұрғындар аюлардан қорқып отыр Фото: Фархат Қабдықайыров/Видеодан скриншот

Аюлар омарталарды қиратып, саяжайларға кіріп кеткен, деп жазады inbusiness.kz сайты 24KZ телеарнасына сілтеме жасап.

Қала тұрғындарының айтуынша, кейінгі жылдары аю көбейген. Орманда қорек таппай, ашыққан аюлар елдімекенге азық іздеп келеді. 

Жақында жергілікті тұрғындар қонжығын ерткен аюды дронмен түсіріп алған. Жыртқыш өзінің тіршілік ететін аумағында алаңсыз жүр.  

Мамандардың пікірінше, табиғаттың заңын адамның өзі бұзады. Ағашты кесіп, аң мен құстың қонысын тарылтады. Жидек азайып, қорексіз қалған аюлар енді елдімекендерді жағалауға мәжбүр.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, ел шығысында аю саны 4,5 мыңға жеткен. Алайда қала жыртқыш саны әлдеқайда көп болуы мүмкін. 5 жыл бұрын Шығыс Қазақстанда аю саны 2654 болса, қазір екі есе көп. 

Риддердің шет жағында аюлар жиі кездеседі. Саяжай кооперативінің төрайымы Хавра Шаипова полиция мен құтқарушыларды көмекке шақырған. Тіпті адамдарды эвакуациялауға тура келіпті.

"Полиция шақырып, адамдарды қауіпсіз жерге көшіруге тура келді. Дабыл соғып үркіттік. Содан кейін ғана аюлар ағаш арасына кіріп кетті. Өйткені жұрт қорыққаннан саяжайдан шыға алмай қалды", – дейді қала тұрғыны Хавра Шаипова.

"Аю саны көбейгенімен, бірақ табиғи азық жетіспейді. Биыл көктемгі үсік салдарынан орманда жидек аз. Аюлардың бұлай адамға жақындауына омарташылар да себепкер.  Көбі бал қалдығын ағаш арасына тастап, омартаның айналасындағы шөпті шаппайды", – дейді табиғи ресурстар басқармасының мамандары.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу