Рим папасы Палестина халқын қуантатын мәлімдеме жасады

236

Израиль Палестинаны дербес ел ретінде мойындауға қарсы.

Рим папасы Палестина халқын қуантатын мәлімдеме жасады Фото: octagon.media

Рим папасы Лев XIV көп жылдан бері жалғасып келе жатқан Палестина-Израиль қақтығысының шешу жолы Палестина мемлекетін құру және оны халықаралық деңгейде мойындау екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW-ға сілтеме жасап.

Рим папасы тиісті мәлімдемені 30 қараша күні Түркиядан Ливанға ұшып бара жатқан кезде айтқан.

"Бүгінгі таңда Израильдің бұл шешімді қабылдамайтынын білеміз, алайда бұл жалғыз дұрыс жол деп есептейміз. Біз Израильмен доспыз және екі тарапқа да әділ шешімге келуге көмектесетін делдал болуға тырысамыз", – деп жазды Reuters агенттігі Рим папасының жауабын.

Рим папасы Лев XIV 27 қарашада Түркияға сапармен барды. Одан кейін ол Ливанға ұшты. Бұл – мамыр айында сайланған Рим папасының шетелге жасаған алғашқы ресми сапары. Ол Ливанда 2 желтоқсанға дейін болады.

Жалпы алғанда, Ватикан Палестинаны мемлекет ретінде 2015 жылы ресми түрде таныған. Ватиканның баспасөз қызметі Палестина іс жүзінде 2013 жылы мойындалғанын, сол кезде автономия БҰҰ-да бақылаушы мәртебесін алғанын хабарлаған.

Қарашаның ортасында Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Палестина мемлекетін құруға қарсы екенін тағы да айтты. Бұған дейін қыркүйекте Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас ассамблеясында да осы ұстанымын жеткізген. Нетаньяху Франция, Ұлыбритания, Аустралия және Канаданың Палестинаны тану туралы шешімін ұят жағдай деп айтқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу