Ринат Зайытов Қазақстанда бір жыныстыларды насихаттауға толық тыйым салуды ұсынды

1047

Сөзінше, ЛГБТ мен феминита қауымдастығы кәмелетке толмағандарға өз насихатын ашық жүргізіп жатыр.

Ринат Зайытов Қазақстанда бір жыныстыларды насихаттауға толық тыйым салуды ұсынды Фото: Аманат партиясы

Депутат Ринат Заитов ел аумағында Феминита қауымдастығына шектеу қоюды, ЛГБТ-ны насихаттауға толық тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Бүгінгі жолданатын сауал шегіне жеткен шыдамның, тапталудан төзімі таусылған намыстың, ащы дауысы деп түсініңіздер. Қазақстан мемлекеті тәуелсіздік алғалы есігінен доc та, дұшпан да еркін кіре бастады. Ол жасырын емес. Доспен табысып, бауырымыз бүтінделді деп қуанғанымызбен, арам пиғылдарын іске асыруға келген дұшпандар, жанымызды ауыртып жүрегімізді жұлуға сәл қалып тұр. Солардың бірегейі қазақ жастарын азғындатып, болашағымыздың тамырына балта шапқысы келетін әлемдік деңгейдегі жауыз ұйым – ЛГБТ мен феминита қауымдастығы", - деп айтты мәжілісмен.

Оның жазуынша, "аз ғана уақытта жастарды азғындыққа жетектеген жексұрын ұйымдар бүгінде мемлекеттің әрекетсіздігінен әбден басқа шауып, төске өрледі". 

"Аталған ұйым өңірлерді аралап, кәмелетке толмаған ұл-қыздарымызға өз насихаттарын ашық жүргізгенде, Алматының көшелерінде өрімдей жастарды жинап алып митинг өткізгенде де, ашық сұқбаттарда басқасын былай қойып тіпті 2 аптада 50 мыңнан астам қол жинаған Бағила Балғабаеваның бастамасымен жазылған петицияға да дабыл қағып әрқайсысына 11  Мәжіліс депутаты қол қойып, сауал жолдағанда да құқық қорғау органдары саусақ қозғалтқан жоқ. Осыдан кейін еш жазаға тартылмасына көзі жеткен азғындар күні кеше Алматыда Құрылтай өткізетінін ашық хабарлады. Әлмисақтан ел мен жердің, ұлыс пен ұлттың тағдыры талқыланатын құрылтай деген қастерлі ұғымды осынша төмендеткенде біз неге қарап қалуымыз керек?!", - деді Ринат Заитов.

Депутат бұл ұйымдардың артында кім тұрғаны, оларға қаржы бөлетін кімдер екен үлкен сұрақ тудыратынын жеткізді.

"Әншейінде кез-келген мәселені май шаммен қарайтын құқық қорғау органдары, ЛГБТ ұйымына келгенде "тәртіпті қауқарсыз" бола қала ма? "Малғұннан асқан мыстан жоқ, азғыннан асқан дұшпан жоқ" екенін естеріңізге тағы салайын ендеше. Феминита қауымдастығына Қазақстан аумағында шектеу қоюды және ЛГБТ-ны насихаттауға толықтай тыйым салуларыңызды талап етеміз", - деді мәжілісмен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу