Ринат Зайытов бұрын Бекболат Тілеухан отырған кабинетке жайғасты

700

Тізім бойынша және партия атынан мажоритарлы жүйемен сайланған 62 депутаттан бөлек мәжілісте Аманаттың тағы 3 мүшесі бар. Олар әзірге қай фракцияға қосылатыны белгісіз. 

Ринат Зайытов бұрын Бекболат Тілеухан отырған кабинетке жайғасты Фото: gov.kz

Аз дауыс жинаған 5 партия өкілдері өзара ынтымақтастыққа дайын сияқты. Бірақ коалиция құру туралы әзірге жоспарлары жоқ. Аманаттың мүшелері арасында да "партияның айтқанымен жүрмеймін" дейтіндер бар. Соның бірі  Ринат Зайытов. Ол әлеуметтік желіде сөзге келіп қалған экс-депутат Бекболат Тілеуханның кабинетінде жұмыс істейтін болды. 

Ринат Зайытов  бір сұқбатында Бекболат Тілеуханды "Қаңтар оқиғасының болатынын біле тұра ескертпеді" деп айыптаған. Экс-депутат оған Қосановты қолдағанын алға тартып жауап жазған-ды. Енді су жаңа мәжілісмен сол адамның жұмыс орнына жайғасты. "Өнердегі абыройын саясатқа келіп жоғалтқан Тілеуханның жолы қайталанады деп ырымдамайсыз ба?" деп сұрап едік...

"Әркімнің өзінің маңдайына жазылған жолы бар. Оны да құдай біледі. Мен қазір мысалы мына жерге келіп алып "Ойбай мынау Бекболат ағаның кабинеті болған екен. Мына жерге отырмаймын" десем, ертең менен кейін келіп біреу сөйтіп айтып жатса сол жақсы ма? Одан ешқандай теріс ырым, не болмаса бір белгі көріп тұрған жоқпын", дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ринат Зайытов.

Парламенттегі фракциялар Аманатқа қарсы коалиция құра ма?

Иә, әркімнің өз жолы бар. Белгілі адвокат, бірмандаттық жүйе арқылы сайланған Абзал Құспан да өз бағытымнан таймаймын,- деп отыр. Қазір пікірлес болатын фракция іздеп жүр екен.

"Мен өзім ешбір партияда болмаған жерде фракцияда да жоқпын. Бірақ енді болашақта премьер-министр келіп, мәжіліс депутаттарының алдына келіп есеп беретін болса, мүмкін фракциялық қадағалаушы бір топқа қосылатын шығармын деп ойлап отырмын", дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан. 

Ал Аманат фракциясының өкілдері Абзал Құспанды "партияласымыз" деп отыр. Тек фракциялас емес екен.

"Дәулет Мұқаев, Бақытжан Базарбек, Абзал Құспан қазіргі таңда Аманат партиясы фракциясының мүшесі емес, бірақ партияның мүшесі", дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев. 

Аты аталған 3 депутатқа басқа фракциялардан одақтас іздеу керек сияқты. Мысалы бүгін премьер-министрдің кандидатурасына қарсы болған социал-демократиялық партия өкілдеріне қосылуға мүмкіндік бар.

"Ұмтыламыз. Егер бізді қолдаймын дегендер болса бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз", дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әуесбаев.

Бұл  әзірге ниет қана. Шындап бірігу туралы әлі нақты мәселе көтерілмепті.

"Коалиция жөнінде әңгіме болған жоқ. Ал біз өз фракциямызды құрдық", дейді Ақжол партиясының төрағасы Азат Перуашев.

Алайда 5 партия мен бір мандаттық жүйемен сайланған 7 депутат қосылған күннің өзінде дауыстары 40 пайызға жетпейді. Бір ғана үміт  Аманаттың өз ішіндегі пікір алуандығы. Ринат Зайытов үкімет басшысына берілген жарты жылда оң өзгеріс болмаса, фракцияның ережесін ескермеймін,- деп отыр.

"Қазіргі фракцияның беталысы, бағыты қалай болады  сол ағыспен жүруге келісім беремін. Бірақ жаңағы уәде  уәде болатын болса", дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ринат Зайытов. 

Депутат не болса кеше берген антымды бұзбай, халықтың мүддесін бірінші орынға қоямын,- деп сендірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу