Риши Сунак Киевке сапары барысында Украинаға көмек көрсетуге уәде берді

444

Ұлыбритания Премьер-министрі Риши Сунак Владимир Зеленскиймен кездесуде Украина қорғаныс күшіне 50 миллион фунт стерлинг бөлуге уәде берді. 

Риши Сунак Киевке сапары барысында Украинаға көмек көрсетуге уәде берді Фото: google

Риши Сунактың Ұлыбритания премьер-министр қызметіне келгелі алғаш Украина астанасына іс-сапармен келді, деп хабарлайды inbusiness.kz BBC сайтына сілтеме жасап.

Қаржылық көмек ресейлік дрондарға қарсы тұруға арналған әскери техникаға жұмсалады. Барлығы 125 зениттік зеңбірек пен ондаған радарлар беріледі.

"Украинаның Қарулы Күштері соғыс алаңында ресейліктер әскерін ойсырата жеңіп, қыспаққа алып жатқанда бейбіт тұрғындар тоқтаусыз әуе шабуылына ұшырады. Сондықтан біз жаңа қорғаныс құралдарын, соның ішінде зениттік зеңбіректерді, радарлар мен дрондарға қарсы басқа да құрал-жабдықтарды ұсынамыз. Ал ызғарлы қыстың ауыртпалығын еңсеру үшін гуманитарлық көмек жібереміз", - деді Ұлыбритания премьер-министрі.

Риши Сунак сонымен қатар Ұлыбритания мамандандырылған қолдау көрсетуді де тоқтатпайтынын айтып, аймаққа тәжірибелі әскери дәрігерлер мен инженерлерді жіберу арқылы украин әскери күштерін оқыту бағдарламасын кеңейтетінін мәлімдеді.

Сапар барысында Премьер-министр соңғы айларда Ресей әскерлері қолданған ирандық ұшқышсыз ұшақтарды өз көзімен көрді.

Сунак сонымен бірге осы соғыста қаза тапқандарды еске алу үшін гүл шоқтарын қойып, 1930 жылдардағы ашаршылық құрбандары мемориалында шам жағып, кейін өрт сөндіру бөліміндегі құтқарушылармен кездесті.

"Мен Ұлыбританияның Украинаны о бастан қолдағаны үшін мақтан тұтамын. Бүгін мен ешқандай негізсіз басталған, басқыншылық соғысқа қарсы тұрған Украинаны Ұлыбритания мен одақтастарымыз алдағы уақытта қолдаусыз қалдырмайтынын айту үшін келдім,", - деді Ұлыбритания премьер-министрі.

Украина шенеуніктерінің айтуынша, Риши Сунактың Киевке әскери көмек беруге қатысты уәдесі президент Зеленский күткен жағымды жаңалық, өйткені ресейлік әуе шабуылдары елдің энергетикалық инфрақұрылымының 50%-ын жойып бітті.

"Соғыстың алғашқы күндерінен бастап Украина мен Ұлыбритания берік одақтастар. Бүгінгі кездесуде біз өзіміздің елдерімізге ғана қатысты емес, жалпы әлем қауіпсіздігі үшін маңызды мәселелерді талқыладық. Жұмылған күш қана нәтижеге жетеді", - деп жазды Зеленский Facebook-те.

Қараша айының басында Ұлыбританияның Қорғаныс министрі Бен Уоллес Украинаға мыңнан астам жаңа зениттік зымыран жеткізілетінін жариялағанын еске саламыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу