Rixos Borovoe санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзып, қызметкерлерді жаппай уландырғаны үшін айыппұл төлейді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Соттың 2023 жылғы 7 желтоқсандағы қаулысымен "Burabay Hotel Management" ЖШС әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін, атап айтқанда, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы ҚР заңнамасының талаптарын, сондай-ақ, адам денсаулығына зиян келтіруге әкеп соққан гигиеналық нормативтерді бұзғаны үшін кінәлі деп танылды (ӘҚБтК 425-бабының 2-бөлігі). Сот ЖШС-ге мемлекет кірісіне 4 830 000 теңге көлемінде айыппұл салды", - деп түсіндірді сот отырысында.
Сот ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, айыппұлды 30%--ға дейін қысқартты. Сот шешімі заңды күшіне енді.
Сонымен қатар, сотта ЖШС өкілі өз кінәсін мойындап, аталған бұзушылықтар толық көлемде жойылғанын түсіндірді.
Тексеру барысында дайын ет өнімдеріне сапа куәлігі мен сәйкестік туралы декларацияның жоқтығы, "Коспа" жарамдылық мерзімі өткен өнімдер табылғаны, ас блогының персоналын күнделікті тексеру және басқа да бірқатар бұзушылықтар жүргізілмейтіні анықталды.
Еске сала кетейік, 2023 жылғы 13 қыркүйекте Бурабай аудандық санитарлық-эпидемиологиялық Бақылау басқармасы "Rixos" қонақүйіндегі тексеру жұмыстарының барысында бактериялық ішек инфекциясын анықтап, 21 қонақ үй қызметкері зардап шеккен болатын.
Зерттеу кезінде 13 қызметкерде "St.aureus" ауруы анықталды.