Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр жыл сайын өтетін Боао Азия форумының 25-ші конференциясының ашылу салтанаты мен іс-шараларына қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Форум жұмысына Сингапур Премьер-министрі Лоуренс Вонг, Әзірбайжан Республикасының Милли Мәжілісінің төрағасы Сагиба Гафарова, Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасы Парламентінің Спикері Джагат Викрамаратне, Бүкілқытайлық Халық Өкілдері Жиналысының Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзи, сондай-ақ әлемнің 60-тан астам елдері мен аймақтарының жоғары өкілдері қатысты.
"Жоғары деңгейдегі диалог: жаһандық белгісіздік жағдайына айқындық енгізу" сессиясында сөз сөйлеген Роман Скляр Қазақстанның ашық экономика, орнықты даму және инвестициялық саясаттың болжамдылығы қағидаттарына бейілділігін атап өтіп, халықаралық ынтымақтастықты нығайту мен өзара байланысқан көліктік-логистикалық дәліздерді дамытудың маңыздылығына тоқталды. Қазақстанның Азия мен Еуропа арасындағы сенімді серіктес және транзиттік хаб ретіндегі рөліне, сондай-ақ жаһандық экономикалық сын-тегеуріндерге жауаптарды бірлесіп іздеу қажеттілігіне ерекше назар аударылды.