Футболдан Ресейде өтіп жатқан әлем чемпионатының "В" тобындағы екінші ойындар басталды. Мәскеуде Португалия құрамасы Марокконы 1:0 есебімен ұтты, деп хабарлайды vesti.kz.
Ойында португалдықтарға жеңіс сыйлаған голды 4 минутта Криштиану Роналду соқты. Нәтижесінде әлем чемпионатындағы төртінші голын еншісіне жазып, үздік сұрмергендер көшін бастады.
Екінші таймды Марокко құрамасы тек шабуылмен өткізді. Бірде допты биік тепсе, бірде командаластарына дұрыс пас бере алмады. Енді бір сәттерде Португалия құрамасының қақпашысы Руй Патрисиу шеберлігімен көзге түсті.
Португалия құрамасы 1:0 есебін сақтап, 4 ұпаймен көш басына шықты. Ал марокколықтар мундиальды топтық кезеңде аяқтайды. Бұл топтағы Иран мен Испания құрамалары арасындағы кездесу Астана уақытымен түнгі сағат 00:00-де басталады.
Криштиану Роналду Еуропа ұлттық құрамаларында ең көп гол соққан үздік сұрмерген атанып, рекорд жаңартты. Әйгілі Ференц Пушкаштың нәтижесін басып озды. шабуылшы бүгін Португалия құрамасы сапында 85-ші голын соқты.