Бүгін Жыл басы Павлодар облысында ауқымды түрде атап өтілді. Негізгі шаралар облыс орталығында ұйымдастырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, кешеден бері өңірде ұлттық атауға ие, қазақы нақышта жабдықталған этноауылдар құрылды. Олардың бірнешеуі Ертіс өзенінің жағалауында бой көтерді. Ұлыстың Ұлы күнін көппен бірге тойлауға жиналған қауымға киіз үйлерде әдеттегідей ұлттық дәм емес, рухани азық ұсынылды. Алты тақырыптық киіз үй өңірден шыққан еліміздің біртуар тұлғаларының өмірі мен еңбегіне арналды. Мысалы, бірінші киіз үй таяуда туғанына 125 жыл толатын белгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың өмірінен сыр шертеді. “Ақындар әлемі” деп аталатын екінші киіз үйде биыл мерейтойлары атап өтілетін Жүсіпбек Аймауытов, Әлкей Марғұлан, Шәкен Аймановтардың туындылары ұсынылды. Осындай барлығы алты тақырыптық киіз үй тігілді. Жалпы, облыс бойынша 200-ден астам ақшаңқаң киіз үй тігілді.
Сонымен қатар, орталық алаңға жиналған қауым "Қыс пен Көктем күресі" хореографиялық композициясын, кернейшілердің орындауындағы мерекелік әуендер концертін тамашалады. "Суық отшашумен" жасалған арнайы эффектінің артында ту ұстаған шабандоздар сап түзеді.
Мерекенің басты кейіпкері Қыдыр атаның батасымен Наурыздың тарихы мен философиясын ашатын "Әз Наурыз - ұлыс мерекем" атты театрландырылған қойылым қойылды. Мереке "Көрісу күні", "Шашу" салт-дәстүрлерімен, жыл символы - Ұлу бастаған жылдық цикл кейіпкерлерінің керуен шеруімен жалғасты.
Карнавалдық қойылым "Қара жорға" халық биін жаппай билеумен жалғасты.
Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева мен эстрада жұлдызы Қайрат Нұртас әннен шашу шашып, мерекенің көркін қыздырды. Айта кетейік, бұған дейін Павлодар қаласының әкімдігі Наурыз мейрамын тойлауға 10 млн теңге қарастырылғанын хабарлаған еді. Оның басым бөлігі аталған екі өнерпаздың гонорарына жұмсалды. Өз кезегінде отандық өнерпаздардың әрқайсысы елге танымал 5-6 әнін орындады.
Сондай-ақ, бұл күні Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов отбасылық үлгідегі облыстық балалар үйіне барып, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, жетім балаларды Наурыз мейрамымен құттықтады.
Кездесу соңында мектеп педагогтары "Бауырсақ пати" шеберлік сабағын өткізіп, барлығының сүйікті тағамын дайындауды үйретті. Ал, тәрбиеленушілер ұлттық ойындарға, айтысқа қатысып, халық күйлерінен попурри, сондай-ақ, "Наурыз думан" әнін шырқады.