Қостанай облысында Рудный қаласының батыс айналма жолының 6,225 шақырымдық учаскесіндегі орташа жөндеу жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Республикалық маңызы бар KZ10-04 жолы 1960 жылы салынған. Соңғы рет 1980 жылы жөнделген. Содан бері жолда негізінен шұңқырларды жамау жұмыстары жүргізілген.
Жөндеу кезінде ескі жабын алынып, жол негізі ресайклинг әдісімен қалпына келтірілді. Одан кейін қалыңдығы 6 және 5 сантиметр болатын екі қабат асфальтбетон төселді.
Жол жиектері нығайтылып, 6,2 шақырым жол таңбасы сызылды. Сонымен қатар 110 жол белгісі мен 54 белгі беру бағаны орнатылды. Жұмысқа 27 маман және 16 арнайы техника жұмылдырылды.
Батыс айналма жолы транзиттік көліктерге Рудный қаласының көшелеріне кірмей, батыс бағытта жүруге мүмкіндік береді. Жаңартылған учаске қозғалыс қауіпсіздігін арттырып, жолдың өткізу мүмкіндігін жақсартуға мүмкіндік береді.