Румынияның Констанца қаласында Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды, деп хабарлайды khabar.kz.
Ол елдің Констанца, Яломица, Кэлэраши, Джурджу, Телеорман және Тулча өңірлерін қамтиды. Құрметті консулдықтың ашылу рәсіміне Констанца уезі басшылығының, мемлекеттік билік органдарының, іскерлік топтар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ Қазақстанның Румынияда тұрып жатқан азаматтары қатысты.
Қазақстанның елшісі Дәулет Батрашев өз сөзінде биыл екі мемлекет арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнауына 25 жыл толып отырғанын айта келе, екі елдің өзара пайдалы ынтымақтастығының оң динамикасын және оның одан әрі кеңеюіне қызығушылықты атап өтті. Қазақстанның Құрметті консулы Эргин Хаджикалил өз тарапынан көрсетілген сенім үшін ризашылық білдіріп, екі елдің өңіраралық сауда-экономикалық қарым-қатынасын одан әрі нығайтуға белсенді қатысу, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту ниетін білдірді. Атап айтқанда, алғашқы бастамалардың бірі биылғы жылдың қараша айының басында Констанцада қазақ фильмдерінің фестивалін ұйымдастыру және өткізу болып табылады.