Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Қазақстанда жәрдемақының жаңа мөлшерін жақын арада жариялауға уәде берді, деп хабарлады kaztag.kz.
"Көп балалы аналар үшін жәрдемақы мөлшері көбейтілу жағына қарай қаралатын болады. Қазір есептер дайындалуда, арнайы жұмыс тобы есептерді дайындап жатыр, жақын арада көлемі жарияланады. Мен қазіргі жәрдемақы көлемі жеткіліксіз деп ойлаймын", – деп мәлімдеді Дәленов журналистерге сейсенбідегі үкімет кулуарында.
Жәрдемақы көлемін көтеру мәселесі Астанадағы жеке тұрғын үй ауласында бөлек орналасқан уақытша жайдан шыққан өрттен кейін төтесінен қойылды. Осы жағдайдан кейін көпбалалы аналар баспананың жоқтығын, балаларға берілетін жәрдемақы көлемінің аздығын айтып, қоғамдық жиналыстар өткізе бастады, биліктен мәселені шешуді талап етті.