Бұл туралы Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары – Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Facebook-те жазды.
Оның жазуынша, ҚР Президентінің Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары – шетелге биылғы алғашқы сапары. Жұмыс кестесі маңызды іс-шараларға толы болды. Негізгі мақсат – тауар айналымын арттыру, инвестиция тарту, экономикалық және көлік-логистика байланыстарын нығайту.
Бұған дейін мәлім етілгендей, Мемлекет басшысы "Абу Даби тұрақты даму апталығы" саммитінің ашылу салтанатында сөз сөйлеп, инвесторларды Қазақстанда "жасыл" жобаларды бірге жүзеге асыруға шақырды.
Сондай-ақ Қ.Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен келіссөз жүргізді.
"Қазақстан мен БАӘ арасында берік сенім орнаған. Кездесуде 9 келісімге қол қойылды. Әмірліктер елімізге 3 миллиард доллар инвестиция құйды. 2022 жылы тауар айналымы 600 миллион долларға жетті. Алайда Мемлекет басшысы бұл көрсеткішті 1 миллиард долларға жеткізу қажет деді.
Президент сондай-ақ Әмірліктердегі бірқатар ірі кәсіпкерді қабылдады. Олардың арасында First Abu Dhabi Bank, Abu Dhabi Ports Group және Masdar компанияларының жетекшілері бар.
Компаниялар елімізде түрлі салада бірлескен жобаларды іске асыруға қаражат құюға дайын. Мысалы, Masdar компаниясы Түркістан және Жамбыл облыстарында қуаттылығы 1 ГВт жел электр станциясын салады. Ал Abu Dhabi Ports Group Каспий теңізі мен оның маңайында көлік-логистика жобаларын іске асырады.
Бұдан басқа да келісімдер аз емес. БАӘ елімізден 336 миллион долларға тауардың 100 түрін сатып алуға дайын. Қазақстан мен Әмірліктер арасында ауыл шаруашылығы саласында да ортақ жобалар жеткілікті. Phoenix Global компаниясы Алматы облысында экструдталған қоспа жем өндіретін зауыттың (құны 23 млн доллар) құрылысын аяқтап жатыр. Сонымен бірге 1000 гектар жерге жеміс бағын өсіреді (құны 76 млн доллар)", - деп жазды Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы.
Бұдан бөлек, енкі ел ынтымақтастығы аясында Қазақстанда қант зауыты мен жел электр станциясын салу, "жасыл" энергетика бойынша кәсіпорын құру, жалпы құны 5 млрд долларға жуық инвестициялық платформаны іске асыру да жоспарланып отыр.
"Президент аталған жобалар Қазақстан экономикасының дамуына оң әсерін тигізетінін жеткізді. Сондай-ақ барлық ірі бірлескен жобалар мен бастамаларды жеке өзі бақылауға алатынын мәлімдеді. Шетелдік инвесторларды Қазақстанға шақырып, экономикамыздың әлеуетін арттыру – Президенттің шетелдік сапарларының басым бағыты. Мемлекет басшысы көрсеткен қонақжайлылығы және мазмұнды келіссөз жүргізгені үшін БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянға алғыс айтты", - делінген Руслан Желдібайдың жазбасында.