Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының директоры, Қазақстанның мәдениет қайраткері Дінмұхамет Мамырқанұлы облыстық Дидар газетіне берген сұхбатында Өскеменде Рүстем Есдәулетовке еңселі ескерткіш орнатылатынын айтты.
Бұған дейін әлеуметтік желіде "театрдың бұрынғы директоры болған марқұм Рүстем Есдәулеттің кеуде мүсіні бұрынғы орнынан алынып тасталды" деген әңгіме шығып еді. Осы мәселеге қатысты журналистің сауалына театр директоры былайша жауап берді.
"Бұл кеуде мүсіні бейнеге дейінгі мүсіншінің макеті, негізгі мүсін зират басына орнатылған. Театрдағы кеуде мүсіннің макеті қазір актерлер дайындалатын арнайы вокал сыныбында тұр. Ол мүсінді театрдың кіреберісіне немесе фойе залдарына орнатуға келмейді. Сапасы сын көтермейтін болғандықтан тек Рүстемді ұлықтау кештерінде ғана пайдаланып келгенбіз. Біз Рүстем Есдәулетке арнайы мұражай ашуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта материалдар жинақталып жатыр. Сондай-ақ мүсінді қайта жасатуды өңірдегі атқамінер азаматтардың қолдауымен қолға алып жатырмыз.
Рүстемнің қойған қойылымдары да театр репертуарынан түскен жоқ. Өткен жылы Рүстем Есдәулет атындағы "І Республикалық жастар және студенттер театры" фестивалін өткіздік. Бұйырса, бұл дәстүрлі түрде өтетін шараға айналады. Азғана ғұмырында ұлттық театр өнерінің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан азаматымыз біздің жүрегімізде мәңгі сақталады", – дейді Дінмұхамет Мамырқанұлы.