Алдағы 8-9 қыркүйекте Чехияның Острава қаласында Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығының (IAAF) құрлықаралық кубогы өтеді. Бұл жарыс осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды olympic.kz.
Оған төрт құрлықтың құрамалары қатысады: Еуропа, Америка, Африка және Азия-Мұхит аралдары елдері. Құрлықаралық кубоктың бағдарламасында 37 сайыс түрі енгізілген (18-і ерлер арасында, 18-і әйелдер арасында және 4х400 метрлік аралас эстафета). Әрбір сайыс бойынша спортшыларға ұпай үлестіріледі. Сол бойынша үздік құрлықтық команда анықталады. Бір сайыс түрінен әрбір құрлықтан 2 спортшы ғана қатыса алады.
Шілде айының басында Бангкокта Азия жеңіл атлетика қауымдастығының кеңесі өтті. Онда Мұхит елдерімен бірлесіп жасақаталатын құрама сөз болды. Кеңестің шешімі бойынша құрама спортшылардың биылғы маусымдағы көрсеткіштеріне байланысты жасақталады. Әзірге құрлықтық додаға қатысатын атлеттердің алғашқы тізімі ұсынылды. Нақты құрам Индонезиядағы Азия ойындарынан кейін белгілі болады.
Алдын-ала ұсынылған тізімге біздің елден екі спортшы кіріп отыр. Үш қарғып секіруден Азия құрлығындағы ең үздік нәтиженің иесі Ольга Рыпакова (14,25 м) пен 200 метрге жүгірудің көшбасшысы Виктория Зябкина (22.73 с) бар. Екі спортшыға құрлықаралық кубокта Азия және Мұхит елдері құрамасының намысын қорғауға ұсыныс түсті. Жерлестерміз өз келісімдерін беріп үлгерді. Сондай-ақ Зябкинаға 100 метрге жүгіруден де қатысуға мүмкіндік бар.
Айта кетейік, IAAF-тың құрлықаралық кубогы ең алғаш рет 2010 жылы Сплитте өткізілген. Хорватияда Қазақстан атынан қатысқан Ольга Рыпакова 15.25 метрге секіріп, Азияның рекордын жаңартқан.Сондай-ақ өзінің спорттық карьерасындағы үздік нәтижені тіркеген болатын.