"С5+Сhina" бірыңғай электронды сауда платформасы құрылады

501

Президент Бейжіңнің тұрақты дамуға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларын да қолдайтынын айтты.

"С5+Сhina" бірыңғай электронды сауда платформасы құрылады Фото: gov.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саммитте бірінші кезекте Орталық Азия елдері арасындағы тауар айналымын арттыру мәселесін сөз етті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Мысалы, былтыр Қазақстанның осы аймақтағы мемлекеттермен сауда-саттығы 19 процентке өскен. Нақтырақ айтсақ, 8 миллиард долларға жетіпті. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 15 миллиардқа дейін жеткізу межеленіп отыр.

"Аймақтың Қытаймен сауда-саттығы да қарқынды дамып келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 70 миллиард долларға жетті. Оның 45 пайызы Қазақстанға тиесілі. Қытай мен Орталық Азия арасындағы тауар айналымын 2030 жылға қарай 100 миллиард долларға жеткізуге барлық мүмкіндік бар", - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.   

Президент тауар түрлерін арттыру арқылы экспортты ұлғайтуға қол жеткізуге болатынын атады. Қытаймен шектеспейтін елдерді "Қорғас" арқылы сауда жасауға шақырып, шығыстағы көршімізбен шекарада екінші құрғақ порт салу жоспары барын да жеткізді. Ал қытайлық инвесторларды Каспий порттарының мүмкіндігін бірлесіп кеңейтуге үндеді. Порт қызметін цифрландыруда, тасымалдаушы кемелерді бірлесіп өндіруде өзара тиімді әріптестікке шақырды. Мемлекет басшысы алыс-берісті арттырудағы электронды сауда саласының ықпалын да сөз етті.

"Қытайдың "Alibaba Group", "JD COM" сияқты интернет алпауыттарының осы саладағы тәжірибесі мен әлеуеті орасан зор. Орталық Азия елдерінің нарықтағы бәсекеде өз артықшылықтары бар. Осы орайда Қазақстан Қытайдың ірі электронды сауда алаңдарын кеңінен пайдалануды ұсынады. Бұл қадам өнімдерімізді нарыққа бірлесе шығару үшін аса маңызды. Кеше JD COM платформасында Қазақстанның ұлттық павильоны ашылды. Болашақта өзара сауда-саттығымыз арта түсетіні анық", - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.   

Бұл жұмыстарды үйлестіру үшін Қ.Тоқаев "С5+Сhina" бірыңғай электронды сауда платформасын құруды ұсынды. Бұл экспорттық әлеуетімізді арттыруға айтарлықтай серпін берері сөзсіз.

Отандық сарапшылар да көршілерімізде геосаяси жағдай ушығып тұрған кезеңде тың тәсілдермен экспортты арттырып, экономикамызды әлдендіру маңызды, деп есептейді.

"Ресей санкция астында қалды. Оңтүстікте иран санкция арасында қалды. Бір жол бір белдеу саясат бар еді ғой жібек жолы сияқты. Соның мына орта жолы ретінде Қытай еуропаға шығуды біз арқылы кейін Каспий-кавказ арқылы шығуға мәжбүр болып тұр. Осы екі мәселе біздің арамыздағы байланысты күшейтуге сауданы арттыруға, транзиттік әлеуіетімізді күшейтуге әсер етеді", - деді экономист Сапарбай Жобаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу