Сегіз жыл жырақта жүрген Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвили отанына келгенін мәлім етті, деп хабарлайды Inbusiness.kz. Бұл туралы ол өзінің Facebook-тағы парақшасында мәлім етті.
Грузияның қазіргі билігі әзірге бұған қатысты мәлімдеме жасаған жоқ.
Саакашвили бұған дейін ұшақ билетін сатып алғанын айтқан болатын. Кейінірек саясаткер желіде брондалған билеттің суреттерін жариялап, анасы Гиули Аласаниямен бірге отанына ұшатынын хабарлады.
Михаил Саакашвили 2004 жылдың қаңтарынан 2013 жылдың қарашасына дейін Грузия президенті болды. 2013 жылы ол президенттік мерзімі аяқталуына бірнеше күн қалғанда елден кеткен еді. Осыдан кейін оған қарсы төрт қылмыстық іс қозғалды. Олардың екеуі бойынша үкім шығарылды. 2018 жылдың қаңтарында Тбилисидің қалалық соты Саакашвилиді 2006 жылы Грузияның Біріккен банкінің қызметкері Сандро Гиргвлианиді өлтіру ісіне байланысты үш жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. 2018 жылдың маусымында сот оны 2005 жылы депутат Валерий Гелашвилиді ұрып-соғу ісіне байланыс алты жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады.
Табиғат Нұрболат